"3,3 млн халық сақтандырылмаған": Денсаулық сақтау министрі МӘМС жүйесіндегі мәселелерді атады
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған 3 миллионнан астам адам бар. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкімет отырысында осындай дерек келтірді. Министр халықтың медициналық көмекке қолжетімділігі жайлы да баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
"Медициналық-санитариялық алғашқы көмек – денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі қызметтің бірі, оны еліміздің барлық халқын қамтитын 5617 объекті көрсетеді. Оның жұмысының негізгі принципі – отбасылық қызмет көрсету мен аумақтық қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көмекті учаскелік дәрігер, үш орта медицина қызметкері, әлеуметтік қызметкер, психологтан тұратын учаскелік көпбейінді командалар көрсетеді", - деді ведомство басшысы.
Ажар Ғинияттың айтуынша, осы саланың бірқатар өзекті мәселелері де бар. Министр алдымен медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет деп есептейді.
"Біріншіден, медициналық көмектің толық қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мәселелер бойынша халықтан түсетін шағымдардың ең көп саны Астана, Алматы қалаларына, Ақмола, Атырау облыстарына тиесілі екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде 3,3 млн халық сақтандырылмаған күйінде қалып отыр, ең көп саны Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында байқалады. Екіншіден, медициналық кадрларға деген қажеттілік төмендегеніне қарамастан әлі де сақталып отыр. Бұл көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында басым", - деді ол.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
