"30 миллиард теңге табыс таппақ": 10 көлік ойнатып жатқан блогер Жанәбіловтердің ұтыс ойыны тексерілетін болды
Фото: Instagram stories Жанәбілов
Қазақстанда танымал блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған көлік ұтысына қатысты дау шықты. Бұл ұтыс ойындарының заңдылығына күмән келтірген азаматтар Қаржы мониторингі агенттігіне ресми түрде өтініш жолдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық блогер Ерболат Жанәбілов 19 тамыз күні өз оқырмандары арасында 10 көлік ойнататынын хабарлады. Алайда 22 тамыз күні Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс ойыны тексерілетінін мәлімдеді.
"Оларға қатысты материалдар әрі қарай шешім қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік орган Туризм және спорт министрлігіне қарасты, Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне жолданды", – делінген хабарламада.
Ал медиа мамандары мен белсенділер уәкілетті органдарды блогерді тексеруге шақырды. Олардың бірі қаржы сарапшысы Айбар Олжай. Оның айтуынша, Жанәбіловтер ұйымдастырған ұтыс "Лотереялар және лотерея қызметі туралы" заң талаптарына сай келмейді.
"Лотерея және лотерея қызметі туралы" заңның 5-бабына сәйкес, Қазақстанда ұтыс ойынын өткізуге тек уәкілетті оператор (қазіргі "Сәтті Жұлдыз") құқылы. Сонымен қатар агенттік блогерлерді алаяқтық үшін қосымша тексереді. Дүйсенбі күні Мемлекеттік кірістер комитетіне хабарласамын. Меніңше, олар да бұл блогерге қатысты бөлек дерек бар”, – деп жазды ол Threads парақшасында.
Ал журналист Назымгүл Күмісбаева блогер сатып жатқан курс бағасы 30 мың теңге екенін, 1 миллион адам сатып алса 30 миллиард теңге табыс табатынын айтты.
"Ұтып алған Iphone 16-ны бермей отыр": Блогер Aii парақшасында ұтыс ойнатамын деп дауға қалды
“Бұл курстарды 1 миллион адам сатып алса, блогерлер 30 миллиард теңге табады. Олардың видеосы 12 миллион қаралым жинағанын ескерсек, блогерлер одан да көп табыс табуы мүмкін. Десе де көптеген қатысушылар мұның алаяқтық екенін түсінді. Халықтың ойлана бастағанына қуанамын. Бұл "барабан" схемасы өте қарапайым. Олар қатысушыларға тек 5 мың теңгеден қайтарады. Оған оқырман риза болады. Алайда бұл курс үшін 30 мың теңге төлегеніңізді ұмытпаңыз”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ үтыс ойынына қатысты материалдар тиісті комитетке жолданғанын мәлімдеді.
"Қаржы мониторингі агенттігі Жанәбіловтердің ұтыс ойыны бойынша материалдар Туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті" мемлекеттік мекемесіне берілгенін мәлімдеді. Олардың әрекеті тексеріліп, шешім қабылданады. Мен блогерді тек Instagram сторизінен қарадым. Ал ол жерде Жанәбіловтердің қандай курс сатып жатқаны туралы ақпарат әлі айтылмады", – деп жазды ол Threads желісінде.
Айта кетейік, бұған дейін Алматылық қыз көшеде "құпия жәшік" ұсынғандардың ұтыс ойынына қатысып, сан соғып қалғаны туралы жазған едік.

Жаңа оқу жылында бір оқушыны мектепке дайындау қанша тұрады: Ата-аналар шығындарымен бөлісті
