"30-дан аса азамат өтініш берген": Қазақстандықтар төлқұжат пен куәлікте ұлтын өзгерте алады
Ақмола облысы бойынша көші-қон қызметінің департаменті жыл басынан бері 30-дан аса тұрғын құжатындағы ұлтына қатысты жазбаны өзгертуге өтініш білдіргенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Polisia.kz
Полиция департаментінің дерегіне сенсек, жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 46 мың тұрғын құжатқа қатысты өтініш берген. Оның 150-ге жуығы құжаттама терминалдары арқылы жүгінген.
Ақмолалықтар төлқұжат пен жеке куәлік алумен қатар, жеке деректерін өзгертуге, құжаттарының жоғалуына байланысты азаматтыққа қабылдауға, сондай-ақ құжаттардағы ұлтын өзгертуге өтініш берген.
“Төлқұжат пен жеке куәліктегі ұлт туралы жазба ата-анасының ұлтына сәйкес жазылады. Егер ата-анасының ұлты әртүрлі болса, оны әкесі немесе анасы бойынша таңдап, кейін туу туралы куәлік негізінде өзгертуге болады. Бірақ тек басқа ата-ананың шыққан тегіне қарай өзгертіледі”, – деп түсіндірді Ақмола облысы ІІД көші-қон департаменті.
Айта кетейік, паспорттардағы және жеке куәліктердегі ұлт жазбасын өзгерту үшін өтініш жазып, туу туралы куәлікті көрсету керек.
Еске салайық, бұған дейін ішкі істер министрлігі 15 маусымнан бастап Қазақстан азаматының жаңа үлгідегі жеке куәліктерін шығаруды бастады. Жаңа үлгідегі құжатта жеке куәлік иесінің азаматтығы мен жынысы туралы деректер көрсетіледі. Бұрын бұл мәліметтер жеке куәлікке салынған чипте болған. Жеке куәліктің жаңа дизайны бюджеттен шығын талап етпейді және азаматтардың жаңа құжаттарды шығару үшін төлейтін мемлекеттік баж мөлшеріне әсер етпейді (2024 жылы мемлекеттік баж мөлшері 738,4 теңге болды).