Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3 жыл бойы миллиондаған ақшаны жымқырған: “Балқаш Жылудың" лауазымды тұлғалары қамауға алынды

“Балқаш Жылу” электр орталығының бұрынғы басшылығы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Олар 3 жыл бойы жөндеу жұмыстарына деп бөлінген қаражатты қалтаға басып келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қаржылық мониторинг агенттігі дерегіне сүйенсек, "Балқаш Жылу" ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 677 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. 

“Анықталғандай, "Балқаш Жылу" ЖШС-нің бұрынғы басшылығы 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Балқаш ЖЭО және Балқаш қаласының жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және ұстауға арналған 677 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жеке шоттары мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған”, – делінген агенттік ақпаратында. 

Аталған тұлғалар ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу судьясы оларға екі ай мерзімге қамау шарасын санкциялады. Қазіргі таңда бұл іске қатысты тексеру жұмыстары жалғасуда.

Олжас Нұржақып
Жұма, 16 Маусым, 2023 11:55
Талқылау