3 жасынан бойынан тылсым күшті сезінген шымкенттік көріпкел адамдарды ерекше әдіспен емдеп жүр
Шымкенттік емші дертіне шипа іздеп келгендерге әндетіп ем қондырып жүр. Өзін “көріпкел” санайтын Ұлықбек Смановтың емі әруақтар арқылы жүзеге асады екен.
Бұл туралы Евразия арнасы хабарлайды.
«Алланың әмірімен мен тірі адамдардан емес, әруақтардан бата алған адаммын. Ол әруақ мәңгі тірі. Құдайдың көрмейтіні, әруақтың жүрмейтін жері жоқ дейді ғой. Әруақ әзір дейді. Мен әруақтарды анық көре аламын. Рас, солар арқылы аян аламын. Кімде қандай ауру, оған қандай дем салу керек» – дейді халық емшісі Ұлықбек Сманов.
Ия, қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса. Емшінің әрекеті де соған ұқсас. Ауруынан айыға алмай жүргендерді, дертіне шипа іздеп келгендерді, бедеулік, перзент тілегендерді жинап алып, айналдыра дем салып жүр. Олардың барлығын емші әдейі жинаған жоқ, өздері келген. Түсірілімді пайдаланған біздер өн бойымызда жын шайтандар бар болса, аластатуын өтіндік.
Ұлықбек-емшілік жолын 18 жастан таңдапты. Басқа мүмкіндігі болмағанын айтады. Себебі, ата бабасы өз заманының айтулы бақсы балгерлері болған көрінеді. Небәрі үш жасынан бастап тылсым күштің әсерін сезе бастаған ол бүгінде “әулие” де атанып үлгерді. Адамдарды жеке қабылдайтын бөлмеде көненің көзіндей асыл мұралары сақтаулы тұр.
«Тамыр ұстамаймын, құмалақ ашпаймын. Көріпкелдік дейді. Алланың, әруақтың көрсеткен жерін айтатын жерім бұл менің. Осы жерде менің бабаларымнан қалған құрандар, қанжарлар, ескі қобыз, бұрынғы бабаларымнан келе жатқан нәрсе мұның барлығы» – дейді халық емшісі Ұлықбек Сманов.
Жай күнде алдынан адам қарасы үзілмейтін “көкбұлақтық” көріпкелге кезінде әлдекімдер зәулім үй тұрғызып беріпті. Қазір, мұнда ол отбасымен бақытты ғұмыр кешіп жатыр.
Жалпы, оңтүстік өңірде әзіз әулиелер мен қасиетті орындар өте көп. Солардың бірі, әрі төрт тарапқа әйгілісі- Ақ бура ата әулиесі. Ол Қожа Ахмет Иассауидің замандасы және шәкірті болған деседі. Бүгінде әулие атаның кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік батыс бөктерінде орналасқан. Қасиетті орынды зиярат етіп келушілер өте көп. Шырақшы Төребек Айтбаевтың айтуынша, елімізден бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, тіпті, Германия мен Израилден туристер жиі келеді екен. Кесене екінші мәрте бой көтерген.
«Бұл кесенені ең бірінші 1991 жылы Күйік асыл тұқымды қой зауытының директоры “Әліпбай” деген кісі Қызылордадан силикат қыштар алдырып, салдырған еді. Ол кесені 20 жылдай тұрды. Кейінен зияратшылардың келуіне байланысты 2011 жылы қайта салғызып, халықтың игілігіне берді» – дейді «Ақбура әулие» кесенесінің шырақшысы Төребек Айтбаев.
Қазығұрттық журналист Құралбек Ергөбек Ақбура әулиені зерттеп жүрген жанның бірі. Жазушы “тылсым күштің иесі” туралы көптеген тарихи деректер қорын жинапты. Сөйтіп оны жинақ етіп шығарған. Тағы бір кітабы баспада әзірленіп жатыр. Айтуынша, Түркістан өңірінде Ақбура деп аталатын төрт киелі жер бар екен. Оның әуелгісі осы мекен көрінеді.
«Ақбура атаның бір ерекшелігі таңғы бамдат намазының екі бас сүндетін осы Қазығұрттың баурайында оқыса, екі бас парызын Түркістанда я, болмаса, Меккеде оқып, тәмәмдап келе беретін сондай креметі жоғары әулие болған кісі» – дейді жазушы, журналист Құралбек Ергөбек.
Мұнда қысы жазы зиярат етіп келушілер үзілмейді. Олар ең алдымен атаның жатқан жеріне шырақ жағады. Және оны әркім өзінше жақсылыққа жориды.
«Шырақ жаққан кезде өзіңіздің ішкі дүниеңізбен бірге бүкіл жақсы нәрселерді ойланып отырасыз. Сол нәрселердің барлығын Алла тағала біреу ғой сол орындайды. Өзіңнің тілегіңді сыртқа шығарма дейді, өзің ішіңнен ниеттен дейді. Ниеттенген нәрсе шырақпен келе береді» – дейді халық емшісі Қызбала Кененбаева.
Тылсым күштің әсеріне берілген Үрзия апа әулие-әмбилер жатқан жерлерді жиі аралайды екен. Өзі де ара тұра балаларға дем салатын көрінеді. Киелі Отырар жерінде тұратын әжей Ақбура кесенесіне алғаш рет табын тіреді. Айтуынша мұнда оны тылсым күш алып келген.
«Анау ауылдан шыққанда кәдімгі денемді сілкіді бұл кісі. Содан денем жеңілдеп, айқайлап отырдым. Сөйтіп, Отырардан келе жатқанымда адамдарды қорқытып қойдым. Денсаулығым жақсы болады, бала шағам жақсы болсын деймін. Сондай жолмен жүрмін мен» – дейді Отырар ауданының тұрғыны Үрзия Уәлиева.
Аңыз әңгімелерде “Әулие ата” ақ бурасына мініп алып, құстай ұшқан көрінеді. “Ақ бура әулие” атанып кеткені де сондықтан-мыс. Кейін ол кісі дүние салғанда, бурасының көз жасы көл болып, қайта тұрмай тасқа айналған деседі. Ал, сол тастың қуысынан шығып жатқан мөлдір бұлақ бүгінде түрлі емдік қасиетке ие делінген ел аузындағы аңызда.
Ақбура әулие кесенесіне келген зияратшылардың барлығы үйлеріне бос қайтқылары келмейді. Себебі, олар қолдарындағы ыдысқа осындағы жер астынан жарып шыққан мөлдір бұлақтан су алғылары келеді. Өйткені, бұлақ суы кейбір адамның бойындағы мың бір емге шипа көрінеді. Сол үшін барлық зияратшылар осы суды үйлеріне алып қайтуға құмар келеді
Әруақтан бата алып, емші атанған, жаратушымен тілдесіп, айды аспанға шығарған жандардың тіршілігі осындай. Ал, аты аңызға айналған Ақбура әулиенің тылсым құдіреті басқаша. Себебі қасиет қонған жерлерде мен қасиеттімін дейтіндердің қатар жүретіні бар.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.