Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

296 млн теңге жымқырған: "ҚазАвтоЖол" Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары сотталды

"ҚазАвтоЖол" Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: depositphotos.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 26 желтоқсанда Қордай аудандық сотында "ҚазАвтоЖол" Жамбыл облыстық филиалы басшысының орынбасары Д. Тультаев, "ДорСтрой" ЖШС мердігерлік ұйымы жобасының жетекшісі У. Құрбанов және "Алматы Сапа Инжиниринг" ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Д. Мұсақұлға қатысты қылмыстық іс қаралды.

"Олар қазақ-қырғыз шекарасындағы "Қордай" өткізу пунктін салу, кеңейту және реконструкциялау кезінде 296 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ысырап еткені үшін кінәлі деп танылды. Жымқыру орындалмаған жұмыстар актілеріне қол қою, сол жұмыс түрлеріне екі есе ақы төлеу, жабдықтың құнын асыра бағалау және заттарды аз жеткізу жолымен жасалған”, – делінген Антикор хабарламасында.


 


Сот шешімімен Тультаев пен Құрбановқа 10 жыл мерзімге жол-құрылыс жұмыстарымен және құрылыс жұмыстары саласындағы кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, әрқайсысына 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ал үшінші күдікті Мұсақұл сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында 10 жыл мерзімге инжинирингтік қызметтер көрсетумен айналысу құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін 450 миллион теңге жымқырды деген күдікпен "Қазақтелеком" филиалының бас директоры мен қызметкерлері қамауға алынғаны туралы жазған едік.

Талқылау