Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлты орыс мәжіліс депутаты өзін асырап баққан қазақ отбасына алғыс айтты

Мәжілістегі ең жас депутат Геннадий Шиповских тағдыр жазуымен берекелі қазақ отбасына түсіп, қазақтардың ортасында өсіп, ержеткен. Сол себепті де қазақ тілін жетік меңгерген. Парасатты тәрбие беріп, мол мейірімі мен жүрек жылуын аямай, туған баласындай өсірген ата-анасына Геннадий Шиповских алғыс айтудан еш жалыққан емес.

1683832

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

13 жасында анасы мен әкесінен айырылып, ол балалар үйінен бір-ақ шыққан. Бағына орай, жетім баланы Насыровтар отбасы асырап алып, бауырына басыпты.

“Мені қазақ отбасы өте жақын қабылдады. Ол кезде ата-анадан айырылған менің көңіліме қаяу түсіп еді, мінезім тұрақсыздау болды. Қазіргі әке-шешем соның бәрін байқап, көңілімді аулап, өте жылы қабақ танытты. Оның үстіне бауырларым да жақсы қарсы алды. Осылай жаңа отбасыма тез үйреніп кеттім”, — деп еске алды Геннадий Шиповских.

Ата-анасы да Геннадийді басқа балаларынан ешқашан бөліп-жарған емес. Мұрат пен Баян Насыровтар алты баланың бәрін де қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді.

1683838

“Әкем өте еңбекқор адам. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Оның үстіне жастайынан техникаға бейімілігі бар. Бұл қабілеті маған да жұққан. Әкем ағайын арасында өте сыйлы, құрметті, сөзі өтімді. Кез келген той-жиынға ағайынды бастап барады. Анам өте ақылды жан және білімді. Математика, физика мамандығын меңгеріп шыққанымен, тарихты өте жақсы біледі. Менің тарихқа деген қызығушылығымды оятқан өз шешем. Ал, ең бастысы, әке-шешем үлкен жүректі адамдар. “Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деп бекер айтпаған. Ата-ананың көзқарасы дұрыс болмаса, баланың да түзу жолға түсуі екіталай. Дұрыс тәрбие беріп, жақсы жолға түсірген әке-шешеміздің арқасында ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты, жақсылық пен жаманшылықты айыра алатындай болып өстік”, — деп әңгімеледі Шиповских.

Насыровтар әулеті Геннадийдің қазақша аты – Алтынбек. Ата-анасы он жетіге келгенде азан шақырып қойған екен. Тек әкесінің өтінішімен өз тегін қалдырыпты. Бірақ, жүрегі қазақ деп соғатын депутат бос уақытта Ілияс Есенберлин, Дүкенбай Досжанның шығармаларын, Мұқағалидің өлеңдерін жастана оқиды.

1683842

Оның депутаттық қызметке араласқанына да жылдан асты. Баласының депутат болғанын естігенде анасы ұлы үшін қатты қуанса, әкесі өзінің салиқалы кеңесін берген. “Шешеміз қуаныштан жылады. Ал әкем үлкен кеңес берді. “Сені халық сайлады, сол халықтың игілігі үшін жұмыс атқар. Басыңды шапса да, шындығыңды айт. Осы ұстанымдарды қызметіңе арқау етсең, сені әрдайым халық та қолдайды, ел де қолдайды, барлық жерде сыйлы боп жүресің”, — деп ақыл-кеңесін берді”, — дейді депутат.

Оқи отырыңыз:

Бекболат Тілеухан министрге: Баспасөз бетінде сізді жекпе-жекке шақырам, бірақ жеңіліп қаласыз-ау

Мәжіліс депутаты: Мен әйелімді мың есе артық жақсы көремін

Қызылорда қаласының әкімі өзіне сұрақ қойған тұрғынды ұрсып тастады

Назарбаев әкімдердің жалқаулығын сынады

Талқылау