Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

26 жастағы келіншек елорда тұрғындарын 200 млн теңгеге тақырға отырғызған

26 жастағы келіншек 40-тан астам елорда тұрғынын 200 млн теңгеге тақырға отырғызған. Тәртіп сақшыларынан әбден көңілі қалған жандар әйелді өздері ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Ал, алаяқ үлкен қаржыны жұрттың бизнесін жолға қоюға, жылжымайтын мүлік алуға көмектесемін деп қарызға алып келген.

26 жастағы келіншек елорда тұрғындарын 200 млн теңгеге тақырға отырғызған

Берешекті қайтарар уақыт келгенде ізін суытқан. Соңында жұрт жер сипап қалды. Бұл туралы Евразия арнасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Алданған жұрт өздерін тақырға отырғызған келіншекті дәл осылай Алматы аудандық полиция бөлімшесіне жеткізді. 26 жастағы азаматша бизнесті жолға қоямын, үй алуға көмектесемін деп жұртты сан соқтырып келген.        

"Менің өзім пәтер жалдап тұрамын. Үйіміз әлі салынып жатыр. Ол айтады, тәте, тәте мен сізге көмектесемін деп. Міне, ақыр соңында жинаған біраз ақшамыздан айырылдық", - деді зардап шегуші Нұрзада Ахметова. 

Өзінен айла артылмаған келіншектен қазірдің өзінде сан соғып қалғандардың саны 40-тан асқан. Бірақ, алданғандар әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені, күдікті Шымкент пен Алматы қалаларында да айла тәсілін жүзеге асырып келгені белгілі болған. 

"Жасаған әрекеттері бойынша заңды жазасын алсын. Өйткені, ол адам алған ақшасын қайтарып береді дегенге жұрт сенбей отыр", - дейді қорғаушы Мира Мадирова.

Тіпті, алданғандардың арасында келіншектің құрбылары да бар екен. Мәселен, мына әйел алаяқпен біршама уақыттан бері жақсы ара қатынаста болған. Аталған әйел, таныстарын төмен бағада шетелде демалуға жолдама алып беремін, - деп алдап кеткен.  

"Маған қол хат та әкеліп берді. Жолдаманы да қолыма ұстатты. Мөрі бәрі бар. Бірақ, сан соғып қалғанымды кейін білдім. Жақын құрбым еді, осы уақытқа дейін сенімге кіру үшін жақын араласқан екен бізбен", - дейді зардап шегуші Ботагөз Керуенбекова.

Полиция департаменті өкілдері істің құпиялығын алға тартып қандай да бір ақпар беруден бас тартып отыр. Ал, келіншекке алданып аузы күйген тұрғындар, өздері секілді зардап шеккен адамдарды іздеу үстінде. Ол үшін күдіктінің фотосын әлеуметтік желіге жүктеп, хабарландыру берген. Егер сан соғып қалғандар табылса барлығы бірігіп алаяқтан қаржыларын талап етпек. 

Талқылау