Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

25,6 млрд теңге: ҚПЛ клубтары ірі тендерлерді жеңіп алды

25,6 млрд теңге: ҚПЛ клубтары ірі тендерлерді жеңіп алдыФото:Offside.kz

2026 жылдың басынан бері Қазақстан Премьер-лигасының клубтары мемлекеттік қаржыландыру аясында ірі тендерлерді белсенді түрде ұтып алып жатыр. Қазіргі мәлімет бойынша, жеңіп алынған тендерлердің жалпы сомасы 25,620 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ал жақын күндері аяқталатын тағы сегіз конкурс футболды дамытуға жұмсалатын шығынды шамамен 8,656 млрд теңгеге арттыруы мүмкін. Бұл туралы журналист Иван Резванцев хабарлады.

ҚПЛ клубтарының 2026 жылғы мемлекеттік тендерлері

    •    "Қызылжар" – 6,3 млрд теңге (3 жылға)

    •    "Ордабасы" – 2,811 млрд теңге

    •    "Жетісу" – 2,811 млрд теңге

    •    "Елімай" – 2,8 млрд теңге

    •    "Тобыл" – 2,693 млрд теңге

    •    "Алтай" – 2,213 млрд теңге

    •    "Ұлытау" – 1,987 млрд теңге

    •    "Оқжетпес" – 1,2 млрд теңге

    •    "Ертіс" – 1,034 млрд теңге (оның ішінде 393 млн)

    •    "Жеңіс" – 999,9 млн теңге

    •    "Қайсар" – 269 млн теңге (күтілетіні – 995 млн)

    •    "Атырау" – 129 млн теңге (сонымен бірге 3 жылға 3,5 млрд және 447 млн)

    •    "Каспий" – әзірге 0 (күтілетіні – 2,1 млрд)

    •    "Ақтөбе" – әзірге 0 (күтілетіні – 971 млн)

    •    "Қайрат" – 0

    •    "Астана" – 0

Осылайша, ҚПЛ клубтарының басым бөлігі 2026 жылы да мемлекеттік қаржыландыруға сүйеніп отыр. Алдағы тендерлердің нәтижесі жарияланған соң, футбол саласына бөлінетін қаржы көлемі одан әрі ұлғаюы мүмкін.

Ең ірі тендерлер және жекеменшік клубтар

Ең ірі тендер Петропавлдың "Қызылжар" клубына бұйырды. Команда үш маусымға 6,3 млрд теңге алады. 2026–2028 жылдары негізгі құрамға 4,3 млрд теңге, ал QJ League жүйесіндегі жастар командасына 1,9 млрд теңге бөлінеді.

Айта кетейік, клуб 2025 жылдың қарашасында кәсіпкер Сергей Канның меншігіне өткен. Оның дәулеті шамамен 470 млн доллар деп бағаланады.

Реформа аясында жекеменшікке өткен алғашқы клубтардың бірі – "Қайсар". Команда маусым басында облыс бюджетінен 269 млн теңге алды. Сонымен қатар Қызылорда облысы қазынасынан бірінші лига және Премьер-лига командаларын ұстауға арналған 995 млн теңгелік тендердің нәтижесі жақын күндері белгілі болуы тиіс.

Ал "Ақтөбе" клубы кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа тиесілі Qazaq Stroy компаниясының меншігіне өтті. Соған қарамастан облыс билігі клубты қаржыландыруды жалғастырып отыр. Маусымаралық кезеңде команда португалиялық жұлдыз футболшы Луиш Наниді қосқанда бірнеше резонансты трансфер жасады.

Алдағы күндері бірінші лигадағы командаға – 282 млн теңге, әйелдер командасына – 258 млн теңге, балалар-жасөспірімдер орталығына – 431 млн теңге бөлуге арналған үш тендердің нәтижесі жарияланады.

Сондай-ақ "Каспий" клубы негізгі, жастар және әйелдер командаларын ұстау үшін облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге алуы мүмкін.

Өңірлердегі өзге шығындар

Атырау облысында 2026 жылы футбол клубы мен футзал командасын ұстауға 447 млн теңге бөлінген. Ал Павлодарда балалар-жасөспірімдер хоккейін дамытуға қосымша 393 млн теңге қарастырылған.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 13 Наурыз, 2026 01:29