2026 жылдан бастап спорттағы жаттықтырушылардың жалақысы 30% көбейеді
Бүгін Туризм және спорт министрлігі “Спорт саласын реформалау” бойынша жасалып жатқан соңғы жаңалықтарын бөлісу үшін БАҚ өкілдерімен ашық баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: primeminister.kz
“Орталық коммуникациялар қызметі” РММ баспасөз конференциясына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысты. Министрлік өкілі спорт саласында әзірленіп жатқан заңның өзгерістері жайлы кеңінен тоқталып өтті. Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортқа кешенді реформалау жұмыстарын тапсырған еді. Соның нәтижесінде Туризм және спорт министрлігі “Дене шынықтыру және спорт туралы” заң жобасын әзірлеген болатын. Құжат 2025 жылдың қаңтар айында мәжіліс палатасының екінші оқылымында мақұлданды. Қазіргі уақытта ҚР Парламенті сенатына қаралымға енгізілді.
“Заң жобасы спорт саласында бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді. Олар:
• Командалық ойын спорт түрлері бойынша кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға бөлінетін бюджет қаражатының шектеулерін бекіту жөніндегі өкілеттіктерді Министрлікке беру;
• Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын спортшыларды бюджет қаражатынан қаржыландыруға тыйым салу;
• "Басым спорт түрлері" ұғымын енгізу;
• Спорт федерацияларын аккредиттеуге қойылатын талаптарды белгілеу;
• Спорттық федерацияларды аккредиттеу үшін экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша шаралар қабылдау міндетін енгізу,” – деді Серік Маратұлы.
Тағы бір басты мәселеле – спорт саласындағы вертикалды басқару жүйесін енгізу. Бүгінгі күні республикалық аккредиттелген спорт федерациялардың жұмыстары тексерілді. Нәтижесінде 8 федерацияға жаңа басшы тағайындалды. Вице-министрдің айтуынша Министрлік жанынан өңірлік спорт басқармасы басшысының келісуі бойынша арнайы комиссия құрылған. Комиссия шешімімен 11 аймақтық басқарма басшыларына кандидатуралар таңдалып, өңірлерге жіберілген.
“Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық деңгейде басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қарастырылып жатыр. Сол үшін бес жыл сайын ротация жүргіземіз. Бұл спортта бұған дейін болмаған нәрсе. Бізде өкінішке орай көптеген аймақтарда бірқатар мектептердің басшылары 20-25 жылдан бері жұмыстарын жалғастырып жатыр. Егер директорларға талаптар қоятын болсақ жағдай олай болмас еді. Сол үшін де ротациялық жұмыстар жасауды қолға алмақпыз,” – деді Серік Жарасбаев.
Қазір министрлік заңдарға өзгерістер мен толықтырулардың екінші пакетін әзірлеп жатыр. Бұл ұсыныстар үкіметте қарастырылып жатыр.
“Екінші пакеттегі өзгертулерде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққанда нормативтік қаржыландыру ұғымдары мен өкілеттерін айқындау. Екіншіден, уәкілетті органдарға спорт мектептері бойынша аккредиттеу қағидалары бойынша құзіретін беру. Сонымен қатар, осы екінші толқын ішінде жаттықтырушылардың еңбекақысын арттыру мақсатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Министрлік орташа жалақыны шамамен 30 пайызға көбейтуді көздеп отыр. Бұл өзгерістерді 2026 жылдың 1 қаңтар айынан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз,” – деді вице-министр.
Вице-министр спортты цифрландыру бойынша Е-sport қосымшасы пилоттық режимде іске қосылғанын хабарлады. Әзірге үш негізгі модуль бойынша ақпарат алуға болады. Олар: спортшылар мен жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің паспорттық біріңғай базасы, спорттық бағдарламалардың электронды күнтізбесі және спорт нысандарының біріңғай тізімі.