Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға салықтан жеңілдік болмайды

көпбалалы отбасыларға салықтан жеңілдік болмайды

Фото: Stan.kz

Келесі жылдан бастап көпбалалы отбасыларға салықтан жеңілдік берілмейді. Қаңтарда күшіне енетін жаңа кодексте салық шегерімдерінің көбі қысқарып, үш түрі ғана қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі салық кодексіне сәйкес, халық зейнетақы, медициналық сақтандыру жарналары бойынша стандартты және өзге де салықтық жеңілдіктерді қолдана алады. Көпбалалыларға, білім мен медицина шығындарына, ерікті зейнетақы жарналарына және ипотека сыйақысына да арнайы шегерімдер бар. Мысалы, баспана несиесінің сыйақы сомасы 70 мың теңге болса, төлеуші жұмысындағы бухгалтерияға тиісті құжаттар өткізіп, айлығына ай сайын сол 70 мыңның 10 пайызын, яғни 7 мың теңгені қосып алатын.

Бірақ келесі жылдан бастап бұл жеңілдік болмайды. Оны қажет деп санамаған депутаттар орнына базалық пен әлеуметтік төлемдердің және әлеуметтік салық шегерімдері деген 3 түрін енгізді. Бірінші жеңілдік жұмыс істейтін барлық азаматқа берілсе, қалған екеуі арнайы шоты немесе статусы барларға ғана арналған.

“Базалық салық шегерімі 30 АЕК (117 960 теңге) мөлшерінде қолданылады, яғни ол 14 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Әлеуметтік төлемдердің салықтық шегерімі міндетті зейнетақы жарналары бойынша шегерімдерді, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша шегерімдерді қамтиды. Әлеуметтік салық шегерімдерін бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар 5000 АЕК-ке (19 660 000 теңге) дейінгі мөлшерде және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, Ұлы Отан соғысы қатысушылары және оған теңестірілген адамдар, мүгедектігі бар баланың ата-аналарының бірі, қамқоршылары 882 АЕК (3 468 024 теңге) қолдана алады”, – дейді Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Беккева.

Салық органы өкілдері бұл өзгерістің нәтижесінде керісінше салық салынатын база төмендеп, қолға түсетін жалақы мөлшері артатынын айтады. Ал сарапшылар басқа пікірде.

“Айтарлықтай ештеңе өзгермеді. Бұрын болған жеңілдіктерді 3 түрге топтастыра салған. Есесіне халықтың басым бөлігін қамтыған ипотека сыйақысына, ақылы білім мен медициналық шығынға берілген салық жеңілдіктерінен айырылып отырмыз. Сондықтан да көптің жалақысы көбейеді деуге келмейді”, – дейді салық сарапшысы Айдар Масатбаев.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 21 Тамыз, 2025 08:49
Талқылау