2026 жылдан бастап кіріс пен мүлік туралы декларация тапсыру ережелері өзгереді: Кімдер тапсыруы керек

2026 жылдан бастап кіріс пен мүлік туралы декларация (270 нысаны) тапсыру ережелерінде өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін басқару бөлімінің бас маманы Гүлден Хасенова активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 нысаны) және кіріс пен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысаны) тапсыру ережелерін түсіндірді.
270 нысанындағы кіріс декларациясын тек жеке тұлғалар тапсыруы тиіс, заңды тұлғалар немесе жеке кәсіпкерлер тапсырмайды. Кәсіпкерлер бұл декларацияны тек жеке тұлға ретінде кіріс алған жағдайда немесе декларациялауға жататын активтері болса ғана тапсыра алады.
Кіріс пен мүлік туралы декларацияны тапсыруға міндетті адамдар:
- Мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары. Дегенмен, егер квазимемлекеттік компаниялардың қарапайым қызметкерлері мемлекеттік қызметкер болып саналмаса, олар декларация тапсыруға міндетті емес.
- Заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, қатысушылары және олардың жұбайлары – жыл сайын тапсырады.
- Өзі салық төлеуге жататын кіріс алған жеке тұлғалар. Мысалы, пәтерді жалға беруден, бағалы қағаздардан немесе бір жылдан аз уақыт иелік еткен активтерді сатқаннан түскен кіріс.
- Жыл соңында шетелде активтері бар қазақстандықтар. Мысалы Түркияда пәтері немесе Ресейде тіркелген көлігі бар тұлғалар.
- 2025 жылы 20 мың АЕК-тен (шамамен 78 миллион теңге) астам мүлік сатып алғандар.
- 2025 жылы салық шегерімдерін пайдаланған қазақстандықтар. Мысалы көпбалалы отбасыларға немесе балалардың білім алуына байланысты шегерімдер.
"Демек жариялауға негіз болмаған": Ұлттық банк төрағасы неліктен декларация тапсырмағанын айтты
270 нысанындағы декларацияны 2026 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсыру қажет. Егер уақытында тапсырылмаса, әкімшілік кодекске сәйкес бірінші рет ескерту жасалады, кейін айыппұл түрінде жауапкершілік қарастырылады.
Гүлден Хасенованың айтуынша, 270 нысанындағы декларацияны үш жолмен тапсыруға болады:
- Салық органына барып, декларацияны өзіңіз толтыру. Сондай-ақ декларацияны халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО) да толтыруға болады.
- Жазбаша түрде, толтырылған декларацияны поштамен жіберу. Пошта мөрі 15 қыркүйектен кешіктірілмей қойылуы керек.
- Электронды түрде: салық төлеушінің жеке кабинетінде, eGov mobile қосымшасында, E-Salyq Azamat қосымшасында немесе кейбір банктердің қосымшаларында жасауға болады.
Ал 250 нысанындағы декларацияны тек мемлекеттік қызметке үміткерлер немесе ірі банктердің қатысушылары, сондай-ақ ірі банктердің қатысушысы болғысы келетіндер тапсыруы тиіс. Сонымен қатар, шетелде мүлкі мен активтері бар адамдар да осы декларацияны тапсыруға міндетті.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық депутаттардың табыс декларациялары жарияланған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған