Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еліміздегі ірі банктер 2023 жылы қандай әлеуметтік және қайырымдылық шараларын ұйымдастырды

2023 жылы қазақстандық екінші деңгейлі банктер бірқатар әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын ұйымдастырып, оларды қаржыландырды. Банктер білім, денсаулық сақтау және экология мен спорт салаларын қолдады. Осы ретте Stan.kz тілшісі қаржы ұйымдарының 2023 жылы әлеуметтік жобаларға қанша қаражат жұмсағанын анықтап көрді. 

қайырымдылық

ЦентрКредит Банкі

2023 жылы ЦентрКредит Банкі 40-тан аса қайырымдылық және әлеуметтік бастамаларға демеушілік жасапты. Соның ішінде "Kazakhstan Smart Space" ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың Халықаралық байқауы, "Turaqty Jol" Ұлттық әлеуметтік эко-акциясы (ЮНЕСКО клубтарының қазақстандық ұлттық федерациясы ұйымдастырады), студенттерге арналған ҚБТУ мен Сәтбаев университетіндегі хакатондар, "Дай Мяч!" мектеп баскетбол лигасының финалы және тағы басқалары бар екен. 

Банктің баспасөз қызметі жылдық есеп дайындалмағандықтан, бұл шараларға нақты қанша қаржы жұмсалғанын атамады. 

Еуразиялық банк

Еуразиялық банк 2023 жылы Eurasian DIAMOND CLUB приват-банкинг клубының және Visa Халықаралық төлем жүйесінің клиенттерінің қатысуымен қайырымдылық жобаны жүзеге асырыпты. Оған сәйкес VISA металл картасымен сауда жасаған әр транзакцияның 1%-ы "Добровольное общество Милосердие" қоғамына жіберілген. Нәтижесінде шетелде ота жасату қажет балалардың еміне 40 миллион теңге аударыпты. 

Сонымен қатар "Дорога в школу" республикалық акциясы аясында биыл балалардың мектеп формасы өзге де керек-жарақтарына арнап 8 миллион теңге бөлген. Бұдан бөлек көктемде Alma-Qala қоғамдық қозғалысымен бірлесіп, Панфилов көшесіне Сиверс алма ағаштарын отырғызды. 

Еліміздің әр өңірінде қазан айында сенбілік ұйымдастырып, бұл жұмыстар үшін банк 5 миллион теңге аударыпты. Бұдан басқа, 2023 жылы банк "Өзіңе сен" TechnoWomen Central Asia Алматы форумы аясында IT саласындағы әйелдер арасындағы байқаудың жеңімпаздарына 5 миллион теңгеге гранттар берді. 

Осылайша банктің қайырымдылық аударымдары 2023 жылы 68 миллион теңгеден асты. 

Jusan Bank

Биыл Jusan Bank Жер сағаты эко акциясын қолдап, Астана қаласында сакура ағаштарын отырғызуды қаржыландырған. Сонымен қатар елордада ерекше қажеттілігі бар жандардың еш кедергісіз қозғалуы үшін Инватакси жобасының да демеушісі екен. Бұдан басқа, Ақтауда Caspian марафонын қаржыландырып, ауруханаларға хирургиялық құралдарды өңдеуге арналған құрылғы сыйлапты. 

Сондай-ақ еліміздегі жоғарғы оқу орындарына стипендия беру бастамаларына да демеушілік етті. 



Kaspi Bank

Kaspi Bank жыл сайын әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына қолдау көрсетеді екен. Мәселен, 2023 жылы "Алматы Марафон" спорттық шарасын қолдаған. Халықаралық The Spirit of Tengri электронды музыка фестивалі, "Жүректің орталығы" ағзаларды трансплантациялауға арналған отандық инновациялық құрылғы мен Digital Almaty, Digital Bridge, Qazaqstan IGF талқылау платформаларына демеушілік еткен. 

Сондай-ақ "Мектепке жол", ардагерлерге сыйлық, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау мақсатында да бірқатар жобалар ұйымдастырыпты. 

Банк өкілдерінің сөзінше, бұл шаралардың барлығына 2023 жылы 1,7 миллиард теңге жұмсалған. 

Bank RBK

Bank RBK баспасөз қызметінің мәліметінше, қаржы ұйымы елімізде мәдени, өнер мен спортты дамытуға бағытталған жобаларды қолдап, балалар үйлеріне, ерекше қажеттілігі бар балалар интернаттарына, соғыс ардагерлеріне көмек көрсетеді. 

Мысалы, банк Қазақстанның бірінші ракеткасы, Уимблдон турнирінің және басқа да көптеген беделді деңгейдегі халықаралық турнирлердің жеңімпазы Елена Рыбакинаға демеушілік көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ең элиталық бокс ұйымы WBC-дың әлемдегі үздік бес жауынгерінің қатарына кіретін, Қазақстанның кәсіби боксшысы Әли Ахмедовке демеушілік қолдау көрсетіледі екен. 
Бұдан басқа "Ашық аспан астындағы оркестрлер фестивалі", "KAZAKH PIANO FEST 2023" халықаралық фортепиано музыка фестивалін, "Теңгеге 30 жыл" бірегей толық түсті альбом шығаруда демеушілік еткен. 

Сондай-ақ Жеңістің 78 жылдығына орай 9 мамыр қарсаңында ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне қайырымдылық көмек көрсетіпті. Дегенмен банк қайырымдылық шараларына бөлінген қаржы "Коммерциялық құпия" санатына жататындықтан, жария етілмейтінін хабарлады. 

ForteBank

2023 жылы ForteBank спорт, мәдениет және білім беру саласында бірқатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, осы бағытта 6,75 миллиард теңге жұмсады. 

Мәдениет және өнер саласында "Құлан Астана" қоғамдық бірлестігіне жыл бойы (2023 жыл) көрме өткізу үшін 70 780 000 теңге көлемінде қолдау білдірді.

Спорттық жобалар бойынша банктің Қазақстан Республикасының Теннис Федерациясына жүйелі әрі ұзақ мерзімді қолдауын атап өтуге болады, 2023 жылы қайырымдылық транш 722 400 000 теңге болды.

Білім саласындағы жобаларды айтар болсақ, осы жылы ForteBank пен Болат Өтемұратов қоры Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында 900 орындық орта мектептің құрылысын бастап, қаржы институты бұл жобаға 5 951 400 000 теңге бөлді.

Сонымен қатар Ішкі істер органдарының қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорына 5 000 000 теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілді.

Halyk Bank

2023 жылы 100 жылдығын атап өткен Halyk Bank ауқымды "100 қайырымды іс" акциясын бастаған. Оның аясында білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау, экология, әлеуметтік осал топды қолдау салалары бойынша жобалар ұйымдастырыпты. Ал "100 қайырымды іс" акциясына бөлінген қаржы 5,16 миллиард теңге екен. 

Банктің ұйымдастыруымен қаңтар айында жаппай конькимен сырғанау акциясы өтті. Шара еліміздің 16 қаласында басталып, 53 мыңнан аса адам мұзайдынына барған. 

Сондай-ақ пандемия кесірінен тоқтап қалған "Халықтық лига" атты баскетбол үйірмелері қайта басталыпты. 14 жыл көлемінде банк балалар үйі мен мектеп-интернаттарындағы баскетбол үйірмелерін қаржыландырып келкен. Аймақтарда балалар қайта жаттығуларға қатысып, спорттық жабдықтармен қамтылыпты. 

Экологиялық шараларды да қолға алған Halyk Bank қызметкерлері соңғы 10 жылдың ішінде 50 мыңға жуық ағаш егіпті. Бұдан бөлек "Азия дауысы" фестивлін ұйымдастыруға ат салысып, музыкалық шараның қайта жаңғыруына жол ашты. 

Елді мекендерде спорттың дамуы үшін Halyk Bank Абай, Ұлытау облыстары мен Қонаев қаласына футбол алаңдарын салған. Ал 7 аймақта спорттық-ойын алаңдары орнатылды. 

Талқылау