2020 жылдың қыркүйегінде Президент Тоқаев халыққа жолдау жасады. Жолдауда Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға рұқсат беруді тапсырған болатын. Биылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтамасының бір бөлігін пәтер сатып алуға, емделуге қолдану мүмкіндігін ие болды. БЖЗҚ-дан 1 желтоқсандағы ақпарат бойынша азаматтар 1,68 триллион теңгеден астам қаражат шешіп алған.
Жамбылдағы жарылыс, Алматыдағы атыс және Аяжан Еділованың өлімі: 2021 жылы қазақстандықтардың талқысына түскен оқиғалар
Биыл елімізді шулатқан оқиғалар аз болмады. Өтіп бара жатқан 2021 жыл коронавирус індетіне қарсы алғашқы вакциналаумен және түрлі саяси өзгерістермен есте қалды. Елімізде тағы бір рет Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Stan.kz тілшісі жылды қорытындылап, 2021 жылы болған басты оқиғаларды назарларыңызға ұсынады.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану
Парламент сайлауы
10 қаңтарда ҚР Парламенті мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау өтті.
Парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс сайлауына елде ресми тіркелген алты партия қатыса алады. Заңға сәйкес, мәжілістің 107 депутатының 98-ін партиялық тізім бойынша төте дауыс беру жолымен сайлаушылар, тоғызын – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымы сайлады.
Сайлауда "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, "Nur Otan" партиясы, "ADAL" саяси партиясы, Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы, "Қазақстанның Халық партиясы" депутаттық мандатқа бақ сынасты.
Ал 18 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы белгілі болды. Үкіметтің құрамы туралы Президент жарлығы шықты.
Елімізде азаматтарды вакцинациялау басталды
1 ақпанда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Впкциналау жұмыстары кезең кезеңімен жүргізілді. Бірінші кезекте дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне салынды. Бүгінде вакцина салдырғандар саны 8.3 миллионнан асты.
Сондай-ақ 26 сәуірде коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина – QazVac екпесінің алғашқы партиясы салына бастады. Отандық вакцинаның ерекшелігі - оны жеткізу процесі күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет етпейді және плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.
Бұнымен қоса 12-18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге және бала емізетін аналарға Pfizer/BioNTech вакцинасы жеткізілді.
10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын Қазақстанға жеткізу керектігін айтқан. Оның айтуы бойынша, екпенің 2 миллион дозасы мамырда жеткізілуі керек еді. Алайда Қазақстанға тек қараша айының ортасында әкелінді.
Жамбыл облысында бес бала өртеніп кетті
Ақпан айында Жамбыл облысының Жаңатас қаласында пәтер өртеніп, бес бірдей бала көз жұмды. Бір жастан алты жасқа дейінгі екі ұл мен үш қыз үйде өздері ғана болған. Отағасы жұмысқа, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Сол кезде 3-қабатта орналасқан үйден өрт шыққан.
Балалар уланып, ауруханаға жатқызылды. Бірақ есін жимастан қайтыс болды. Осы оқиғадан кейін Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов қызметінен босатылды.
Айта кетсек, тура осыдан 2 жыл бұрын елордада бес бала өрттен көз жұмған болатын.
Аяжан Еділованың өлімі
Наурыз айында 19 жастағы қыздың өлімі елді есеңгіретіп тастады. Алматылық Аяжан Еділова жұмыстан шығып, із-түзсіз жоғалып кетті. Жатақхананың жанында күткен жігіті бірнеше рет қоңырау шалып, хабарлама жазып, жауап болмағандықтан, дабыл қағады.
Қыздың жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Іздеу жұмыстары бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды.
Қызды өлтірді деген күдікпен 28 жастағы Түркістан тумасы ұсталды. Жігіт Аяжанды пәтерде өлтіріп, денесін бөлшектеп, тіпті басын қайнатқан. Қыздың бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды. Кей дене мүшелерін Алатау ауданынан тыс жерлерге апарып, қоқыс жәшіктеріне жасырған.
Ер адам ұсталған уақытында өз-өзіне қол жұмсағысы келді. Пышақпен тамағын тіліп жіберген. Бірақ дәрігерлер оны құтқарып қалды. Осыдан соң күдікті кінәсін толық мойындады. Сот күдікті Төребековты айыпты деп танып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушы қызды зорлаған, осы қылмысын жасыру үшін оны белдігімен қылқындырып өлтірген.
Ан-26 апатқа ұшырады
13 наурызда Нұр-Сұлтаннан шыққан ҰҚК авиациялық қызметінің ұшағы Алматы әуежайы аумағында құлады. Әуе кемесі қону жолағына жете алмай, Қызылту ауылының маңайында апатқа ұшырады. Бортта алты экипаж мүшесі болған. Төртеуі оқиға орнында көз жұмды. Олар: аға лейтенант Досжан Баймұратов, майор Ғабит Барлықбаев, сержант Евгений Васильков және лейтенант Мұхтар Сағынбаев.
Экипаж командирі Әшіров пен бортехник Есләмов ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Үш айдан кейін ғана екеуі ауруханадан шықты
Түркістан облысында тауда жас жігіттер жоғалып кетті
Мамыр айында Түркістан облысындағы тауларға шыққан жеті жас жігіт жоғалып кетті. Оның алтысы Назарбаев университетінің студенттері, тағы біреуі - мектеп түлегі. 21 мамырда туристер жаяу "Сары-айғыр" шатқалына бет алған олар 24 мамырда қайту қажет болған. Алайда қайтар жолда адасып кеткен.
Бірнеше күннен кейін үшеуі табылды. Олар бір жігіт науқастанып қалғаннан кейін қалып қойған.
Ал төртеуі ары қарай кеткен. 29 мамырда екі туристің мәйіті табылды. Қалған екі жігітті екі аптадай іздеді. 12 маусымда тағы бір жігіттің денесі табылды. Төртіншісінің мәйіті Өгем өзенінен шықты.
Мәйіт табылған жерге тікұшақ жақын ұшып бара алмаған. Құтқарушылар арқанмен өзен үстінде өткел жасақтап, мәйітті жағаға алып шықты.
Батыс Қазақстанды қуаңшылық жайлады
Биыл жазда Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысы қуаңшылықтан көп зардап шекті. Құрғақшылық салдарынан өңірде төрт түлік жейтін шөп шықпай, 3 айда ірілі-ұсақты 3000-ға жуық бас мал аштықтан қырылды. Малға азық таппаған шаруалар картон қағазын беруге мәжбүр болды. Бұнымен қоса аймақта малға беретін жем-шөп бағасы да өсіп кетті.
10 шілдеде бұл мәселені президент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың елде жем-шөп тапшылығы мен малдың жаппай қырылуына жол берілгендігіне байланысты отставкаға кету керектігін мәлімдеді. Көп ұзамай Ақордада Омаровтың отставкаға кеткені хабарланды. Ал Түркістан облысының тұрғыны Құрмет Талапқазы мал аштан қырылып жатқан өңірлерге шөп жеткізу жұмыстарын ұйымдастырып, елдің алғысына бөленді.
1 қыркүйекте ауыл шаруашылығы министрі қызметіне Омаровтың орынбасары болған Ербол Қарашөкеев тағайындалды. Алайда жаңадан келген министр мәселенің шешімін таба алмады. Тіпті министр ведомствоны басқармай жатып қазақстандық шаруалар оның жұмыстан кетуін талап етті. Олар Ербол Қарашөкеевтің орнына білікті басшы тағайындауды сұраған.
Қазақстан Токио Олимпиадасына қатысты
23 шілде күні Токио қаласында Жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады.
Токио Олимпиадасы Қазақстан тарихындағы ең төменгі нәтиже көрсеткен байрақты бәсеке болды. Жалпы есеп бойынша сегіз қола медальмен еліміз 83-орынға табан тіреді. Қазақстан тарихта алғаш рет дүбірлі додадан алтынсыз оралды.
Қола жүлдеге ие болғандар:
Дзюдо – Елдос Сметов
Ауыр атлетика – Игорь Сон және Зульфия Чиншанло
Бокс – Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов
Еркін күрес – Нұрислам Санаев
Каратэ – Дархан Асаділов
Каратэ – Софья Берульцева
ҚазақстандықтарТокио Олимпиадасына бөлінген 15 миллиард теңге ауаға ұшты деп мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы сынға алды. Тіпті кейбіреулері министрдің отставкаға кетуін талап етті. Мұндай сәтсіздіктен кейін Райымқұлова отставкаға кету туралы өтініш жазғанын айтты. Алайда басшылар оның өтінішін қабылдамаған.
Жамбыл облысындағы жарылыс
26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.
Төтенше жағдайда 17 адам қаза тапты. Олардың ішінде 10 азаматтық қорғау органдарының қызметкері, 6 қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Тағы бір адам – 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев хабар-ошарсыз кетті. Оны әлі күнге дейін тапқан жоқ.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, Тараз түбіндегі жарылыс кезінде әскери бөлімнің басшылығы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға тротилден бөлек, жарылғыш заттардың бар екенін айтпаған.
Ішкі істер министрлігі тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Ал сот кінәлі адамдарды анықтайды.
29 қазанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді. Отбасыларға қажетті көмек көрсетілді.
Осы оқиғадан кейін қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Тараздағы жарылыстан кейін отставкаға кетуге шешім қабылады.
Халық санағы
Биыл елімізде 10 жылда бір рет өтетін Халық санағы ұйымдастырылды. Биылғы санақтың басты жаңалығы – санақтың дәстүрлі және онлайн форматта өтуі болды. Негізі халық санағы 2020 жылдың 1-30 қазан аралығында өтуі керек болған. Алайда биыл 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтіп, онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болды. 1-30 қазан күндері – Қазақстанда дәстүрлі форматтағы халық санағы өтті.
Санақ нәтижесі бойынша, халық саны 19 169 550-ге жеткен. Оның 48,71 пайызы ер адам, 51,29 пайызы әйел адам.
Ауғанстандағы этникалық қазақтар елге оралды
Тамызда "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда өз билігін орнатты. Шетел әскерінің соңғы легі соғыс жайлаған елден кетіп жатқанда, "Талибан" қозғалысы Ауғанстанды өз бақылауына алып, әлемді есеңгіреткен. Осы себепті Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтар өздеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, алып кетуді өтінген. Тіпті тамаққа ақша таппай қысылып отырғандарын жеткізген.
10 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанда тұратын қандастар елге оралды. Кабулдан Алматыға арнайы рейспен 35 қандасымыз, 4 Қазақстан азаматы және БҰҰ-ның 1 қызметкері жеткізілген.
Альберт Линдердің өлімі
Альберт Линдер 17 қыркүйек күні көз жұмды. 25 жастағы спортшының өз-өзіне қол салғаны анықталды. Линдер жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы және Азия чемпионы болған.
Алматы облыстық полиция департаменті ауыр атлет Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Ауыр атлетика федерациясы тергеуге қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.
Қазақстандық ауыр атлеттер Линдердің өлімінен кейін өз медальдерін қоқысқа лақтыра бастады.
"Альберт Линдердің қазасынан кейін бір нәрсені түсіндім – қан мен тердің арқасында тапқан мына медальдердің енді маған керегі жоқ. Халқым үшін емес, кей адамдардың пайдасы үшін көп жыл маңдай терімді төгіп еңбектеніп, жаттығып, жарыстарға қатысқанымды біле тұра, бұл медальдерді қалдыра алмаймын", - деді ауыр атлет Михаил Макеев.
Альберттің інісі Семен Линдер құрамының аға бапкері Сергей Седов тәрбиеленушілеріне қол көтергенін айтты. 2016 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Карина Горичеваның айтуынша, ол Седовтан әлі күнге дейін қорқады.
Осыған байланысты ауыр атлетика федерациясының ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Сергей Седов қызметінен шеттетілді.
Алматылық азамат бес адамды атып тастады
20 қыркүйекте Алматының Ақбұлақ шағын ауданында орналасқан жеке меншік үйдің иесі сот үкімін орындауға келген бес адамды атып тастады. Оқиға орнында сот орындаушысы, учаскелік инспекторлар, үйдің жаңа иесі мен оның досы көз жұмды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Ақбұлақтағы жеке меншік үйдің мәселесі 2014 жылы басталған. Одан үш жыл бұрын баспананың иесі Анаид Демирчян Бағанашыл шағын ауданында бос тұрған үй-жайларын және Ақбұлақтағы коттеджін кепілге салып, БанкЦентрКредитте қыруар ақшаға кредит рәсімдеді. Бірақ қарызды төлей алмаған. Содан банк өкілдері оны сотқа беріп, кепілде тұрған үйді тәркілеуді талап етті. Кредит алғандардың ішінде Демирчянның күйеуі Игорь Дужнов та бар.
2018 жылы Алатау аудандық соты банктің арызын қанағаттандырды. Бірақ келесі жылы кері қайтарған. Сол екі арада кепілде тұрған коттедж аукционмен сатылып кетті. Артынан Алматы қалалық соты банктің арызын қанағаттандырды. Демирчян мен Дужнов болса, үй заңсыз сатылды деп, сот шешімімен келіспеді. Олар мемлекеттік органда тіркелген келісімшартты жоюды сұраған. 2021 жылы 11 ақпанда Алатау аудандық соты соңғы шешімін шығарды. Ал жеті айдан кейін сот шешімін орындау үшін үйге бес адам барған.
Игорь Дужновты қамауда ұстау мерзімі ұзартылып келеді. Оған қатысты үкім әлі шығарылған жоқ. Сот коттеджді босату шарасын кейінге қалдырды. Анаид Демирчянның үйді қалдыру туралы арызын да қанағаттандырған жоқ.
Абай шахтасындағы жарылыс
7 қарашада Қарағанды облысындағы Абай шахтасында метан газы жарылды. Ол күні жердің астында барлығы 64 кенші болған. 56 адам шығып үлгерген. Алтауы қаза тапты, тағы екі кенші ауруханаға түсті.
Осы апаттан кейін арнайы комиссия құрылды. Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-тармағы (Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеудің нәтижесінде жұмыс беруші - "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының кінәсі толығымен дәлелденді.
Ал келісім комиссиясында кеншілер талаптары көтерілді. Комиссиясының шешімімен компания жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде жалақыны индекстеуге міндеттеме алды. Сонымен қатар өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан биыл желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төлеу, желтоқсанда жалақыны 15–17 пайызға көтеру міндеті жүктелді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндерінің саны артады. Бұдан бөлек, компания ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парағындағы төлемдерді 50 АЕК-ке дейін арттыруға тиіс. Көмір және болат департаментінің жұмыскерлеріне мемлекеттен субсидия беру арқылы жеңілдікпен ипотекалық баспана берілетін болды.
Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін өткізіп берді
23 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan" партиясының төрағасы өкілеттігін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын және "Nur Otan" партиясын ел Президенті басқарғаны маңызды екенін мәлімдеді. Назарбаевтың бұл шешімі жайлы оның ресми хатшысы пікір білдірді.
“Елбасының бұл ұстанымы өзгермек емес. Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде "Nur Otan" партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек. Жарғыға сәйкес, "Nur Otan" партиясының Төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату Партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия Төрағасының қызметінде болады", - деді Айдос Үкібай.
Бұған Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын берген болатын.
Пенжімдегі жанжал
27 қазанда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім аулында оқушылар арасында дау шықты. Полиция мәліметінше, оқушылар сөзге келіспей, арты жанжалға ұласқан. Салдарынан 16 жастағы бала ауруханадан бірақ шықты. Сол күні кешке белгісіз біреулер желіге ұлтаралық қақтығыс басталғанын айтып видео таратып жіберді.
Тұрғындар көшеге шығып, үйлердің терезесіне тас лақтырып, сындырып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, 30-ға жуық адам жиналған. Артынша Тоқаев Пенжімдегі төбелес туралы мәлімдеме жасады. Президент бұл ешқандай ұлтаралық қақтығыс емес екенін айтты. Президент елдегі арандатушылар мен арам пиғылдылар тобы бұл оқиғаны осы қырынан көрсеткенін жеткізді.
Алматылық әйел үш баласымен бірге терезеден секіріп кетті
22 желтоқсанда Алматыда әйел үш кішкентай баласымен бірге тоғызыншы қабаттан секіріп кетті. Келіншек пен екі бала оқиға орнында көз жұмса, үшінші бала жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.
"Бұл әрекетке отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас кезінде күйеуі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған", - деп хабарлады полиция.
Оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің ("Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу") бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Марқұмның төленбеген үш кредиті болған. Соңғы рет қазан айында 15 мың теңге онлайн кредит рәсімдеген. Алайда оны да қайтара алмады. Ал күйеуі қайғылы жағдай алдында әйелімен жанжалдаспағанын айтты. Алайда дәл сол күні ол үйде болмапты.
Марқұм Қыдырбаеваның туыстары Нұрсұлтан Оразовтың әйелінің көзіне шөп салып, басқа келіншектің артынан кеткенін айтқан.
Зейнетақы жинағын алу: жеткіліктілік шегі екі есе өсті
3 желтоқсанда қазақстандықтар 2022 жылдан бастап зейнетақы жинақтарын алудың жеткілікті шегі 60-80 пайызға артатынын естіді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) басшысы Жанат Құрмановтың айтуынша, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық параметрлерінің өзгеруімен байланысты.
Артынша Президент зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шек деңгейін көтеру мәселесін кейінге қалдыруды тапсырды. Осылайша Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзарту тапсырылды.
Осы жылы халық ең көп талқылаған оқиғалардың бірі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуы болды. Ол пара алды деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда Хаменова сотқа дейін тергеу изоляторында отыр.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталды
Осы жылы халық ең көп талқылаған оқиғалардың бірі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ұсталуы болды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова және облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша мемлекеттік сатып алу келісімшарты үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілікті. Қазіргі таңда Хаменова сотқа дейін тергеу изоляторында отыр.
Ең қызығы, бұған дейін Хаменова елдегі жемқорлықты қатал сынға алған еді.
“Жемқорлық ол дерт қой. Жемқорлық жойылмайынша ел еңсесін көтере алмайды. Жемқорлықты желкесінен қиып отырса, жоғалатынына кепіл бола аламын, – деген еді Хаменова.
Айта кетсек, Бақытгүл Хаменова 2020 жылы наурызда Атырау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой отставкаға кетті
20 желтоқсанда ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қызметінен босатылды. Ол бір жарым жыл денсаулық сақтау саласын басқарған. Ол отставкасын азаматтық секторға ауысу және ғылым мен әлеуметтік бастамалар арқылы денсаулық сақтауды дамыту туралы шешімімен байланыстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға белсенді жұмыс істегені, әсіресе Қазақстанда коронавирус індетінің таралуына қарсы күресте атқарған еңбегі үшін алғыс білдірді.
Осылайша Алексей Цой 2021 жылы отставкаға кеткен үшінші министрі болды. Ведомство басшысының міндетін атқару оның орындасары Жандос Бүркітбаевқа тапсырылды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
