Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2021 жылғы "Бастау бизнес": Жоба қатысушысы болу үшін не істеу керек?

Қазақстандықтарға кез келген кәсіп түрін ашуға мүмкіндік беретін «Бастау Бизнес» жобасы 2021 жылы да актуалды болмақ. Іске асқан 4 жыл ішінде жоба аясында 150 мыңнан астам адам ұсынылған арнайы курсты оқып шыққан. Биылғы жоба қашан басталады және оған қалай қатысуға болады? Осы және өзге де сұрақтарды Stan.kz тілшісі анықтады. 

Жоба қайда өтеді және қашан басталады?

"Бастау Бизнес" жобасын іске асыру биыл да жалғасады. Оқу курсы осы жылы да онлайн форматта өтеді. Жобаның басталуы сәуір айының cоңына жоспарланып отыр. 

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Әскербек Насамбаев оқу "Atameken academy" платформасында өтетінін айтады.

"Короновирустық инфекцияны таратпау бойынша қабылданған шараларға байланысты оқыту 2020 жылдағыдай "Atameken academy" платформасында онлайн режимінде жүргізіледі. Сонымен қатар, ағымдағы жылы оқыту сәуір айының үшінші онкүндігіне жоспарланғанын хабарлаймыз. 

Ережеге сәйкес, жоба аясында оқуға ниет білдірген үміткерлер оқуға жолдама алу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына  жеке куәлігімен жүгінуі тиіс. Жобаға қатысу үшін сайтта  өтінім қалдыру керек, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін және жұмыспен қамту орталығының жолдамасын бекіту қажет", - деді Әскербек Насамбаев.

Биыл қанша адам қатысады және грант мөлшері қандай?

Биылғы оқыту курсында Алматы қаласында 2 000 адам оқытылады деп жоспарлануда, сондай-ақ 200 АЕК (583 400) теңге болатын 1 000 грант қарастырылған.

 Оқуға кім қатыса алады:

  • жұмыссыздар;
  • еңбекке жарамды мүгедектер;
  • жастар, соның ішінде NEET санатындағы қыз-жігіттер;
  • аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері;
  • зейнет жасына жетпеген ауылшаруашылық кооперативтерінің мүшелері, шаруа мен фермерлік қожалықтар, оның ішінде якорлық кооператив мүшелері;
  • қоныс аударғандар мен қандастар.

Кімдер қатыса алмайды:

  • Мемлекеттік қызметкерлер
  • Бала күтімімен демалыста жүрген аналар
  • Орта арнайы оқу орындары мен ЖОО студенттері.

 Өтінімді қалай беруге болады?

  • Жұмыспен қамту орталығына хабарласып, мақсатты аудаторияға сәйкес келіп-келмейтініңізді тексересіз. Оқуға жолдама беріледі. Жұмыспен қамту орталығына жеке куәліктің көшірмесін апару керек.
  • Қатысуға өтінімді atameken.co сайтына жолдап, жеке басты куәландыратын құжаттың көшірмесі мен жұмыспен қамту орталығы берген жолдамады жүктеу керек.

«Бастау Бизнес» - «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жемісі. Жоба нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде жүзеге асырылуда. Осы арқылы халықты кәсіпкерлік дағдыларға оқытады. Сондай-ақ, олардың бизнес-жобаларын сүйемелдейтін бағдарлама үш бағытта жұмыс істейді: 

  •  оқыту;
  •  микрокредит беру және гранттық қаржыландыру;
  •  іске асырылған жобаларды сүйемелдеу;

«Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша жобаның мақсаты - кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тарту арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықтың экономикалық белсенділігін арттыру.

Бағдарламаның екінші бағыты аясында 2020 жылы 2 600 адам онлайн режимде оқытылды, оның ішінде 2 000 тыңдаушы сертификат алды, мүгедектігі бар 48 адам қатысты. Көп балалы тұлғалар мен отбасылардан 400 қатысушы,  аз қамтылған тұлғалар мен отбасылар – 300-ге жуық қатысушы, NEET санатындағы жастар (әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар) 448 қатысушы қатысты. Одан бөлек, 200-ден аса кәсіпкер, 40 қандас,  900-ден аса жұмыссыз,  200-ден аса өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатысты.

Мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін басқарма "Атамекен" палатасының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің, салалық сарапшылардың қатысуымен құрамында кемінде 5 адам бар комиссия құрады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, "Бастау Бизнес" жобасының 1000-нан аса түлек өзінің Кәсіпкерлік қызметін жандандырды. Олардың ішінде ең жиі кездесетін бағыттар:

  •  тігін цехы (ателье, киімдерді жөндеу, қиыстырып келтіру, тігу) – 580-нен аса;
  •  сұлулық салоны (шаштараз, тырнақ қызметі орталығы, макияж орталығы – - 300-ге жуық;
  •  кондитерлік цех (шағын наубайхана, кондитерлік, нан-тоқаш өнімдері) - 100-ге жуық;
  • қоғамдық тамақтану (асхана, фастфуд, фудкордтар, аспаздық, кофеханалар, донер, кафетерийлер, пиццерия, бургер) – 100-ге жуық;
  • фотостудия (монтаж, бейнежазба, фотосалондар) – 60. 

Бастау Бизнес жобасының тренерлері кімдер?

Жобаны арнайы іріктеуден өткен, жоғары білімі бар, кәсіп ашу бойынша тәжірибелі мамандар жүргізеді. 

Бастау жобасының тренерлері арнайы іріктеуден өткен, ұстаздық пен кәсіп жүргізу жағынан тәжірибесі бар болуы міндеттеледі. Іріктеуден өтіп, тапсырмаларды орындап, соңғы сұхбаттан өткен соң бизнес тренер болып жұмыс істейді. Әр тренердің өзінің кәсібі бар, осылайша ол білімін теориялық негізде ғана емес, практикалық тұрғыда түсіндіреді.

 

Талқылау