Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2020 жылы Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

Қазақстанның Еуразия құрлығының көлік-логистикалық хабы болу  геостратегиялық өрлік мақсаттары сәтті жүзеге асырылуда. Еліміздің транзиттік дәліз ретінде орнығып, беки түсуі үшін салынған ауқымды инвестициялар өз жемісін  беруде. Өткен жылы еліміздің транзиттік тасымалдан түскен табыс мөлшері 450 млрд теңгеден асты. 

ҚТЖ

Қазақстанның Еуропа мен Азия түйісуіндегі транзиттік пункт ретінде дамуында «Қазақстан темір жолы» маңызды рөл атқарып келеді. 2019 жылы еліміз арқылы тасымалданған транзиттік жүктер көлемі 19,4 млн тоннаны құрады. Реті келгенде оның 17,5 млн тоннасы ҚТЖ инфрақұрылымы арқылы өткізілгендігін айта кету керек.  

Соңғы он жыл ішінде ҚТЖ еліміз көлік желісінің халықаралық дәліздерге интеграциялануын күшейтетін инфрақұрылымның айтарлықтай берік іргетасын қалады. 

2015 жылға дейінгі үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» және «Қорғас-Жетіген» теміржол желілері салынған. Бұл жаңа Шығыс-Батыс және Солтүстік- Оңтүстік бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Алғашқы желі Қазақстанның Түркіменстан, Иран және Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуын қамтамасыз етті. Ал елдер арасындағы екінші халықаралық шекаралық теміржол өткеліне айналған Қорғас-Жетіген теміржол желісі Қытайдан Еуропа мен Азияға жөнелтілетін  транзиттік жүк ағыны көлемінің артуына және арақашықтықты 500 шақырымға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.  

Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылдың сәуір айында бекіткен инфрақұрылымды дамытуға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің транзиттік әлеуетінің дамуына қосымша серпін берді. 

Транзиттік әлеуетті арттыруға және ішкі тасымалдарды оңтайландыруға бағытталған  ұзындығы 1 300  километрден астам жаңа теміржол пайдалануға берілді. 

Осылайша, Жезқазған-Бейнеу желісінің салынуы Қазақстанның орталығы мен батысын төтесінен байланыстыруға жол ашты. Ал елдің орталық және солтүстік өңірлерін  Арқалық-Шұбаркөл  теміржол учаскесі жалғап отыр. Екінші жолдарды салу есебінен  Алматы-Шу желісінің өткізу қабілеті екі есеге артты. Жаңа Боржақты – Ерсай желісі Құрық паром кешенің теміржол магистралімен байланыстырды.

ҚТЖ

Айта кетерлік жайт, Құрық паром кешеніне мемлекеттік бағдарламаның тұтас бір бөлігі арналған. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша өтетін жүк көлемінің артуына байланысты Ақтау портының жүктемесін жеңілдету мақсатында Құрық портында паром кешенін салу туралы шешім қабылданған.

Порт құрылысы 2015 жылдың сәуір айында басталған. Қуаты 4 млн тонналық Құрық порты теміржол паром кешенінің бірінші фазасы 2016 жылдың 6 желтоқсанында пайдалануға берілген. Араға жыл салып, жыл сайын қосымша 2  млн тонна жүк өткізуге мүмкіндік беретін автомобиль өткелі тесттік режимде іске қосылды.   Қазіргі күні Құрық порты тәулігіне сегізге жуық паромға қызмет көрсетуге қауқарлы және жылына 6 млн тоннаға дейін жүкті ауыстырып тиеуге мүмкіндік беретін мультимодальды көлік хабына айналып отыр.

«Самұрық-Қазынаның» бағалауы бойынша, инфрақұрылымға салынған ауқымды инвестициялар алдағы он жыл ішінде Қазақстан экономикасының дамуына жылына 0,1-0,2% деңгейінде табыс әкеледі. 

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректері бойынша, 2019 жылы Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы шамамен 6 млн тоннаға жуық жүк, оның ішінде 2,2 млн тонна мұнай, 2,5 млн тонна құрғақ жүк және 1,4 млн тонна паромдық жүк тасымалданған. 2020 жылдың бірінші тоқсаны ішінде 1,3 млн тоннаға жуық жүк (мұнай және мұнай өнімдері, бидай, металл) экспортталған. Импорт көлемі 224,9 мың тоннаны (тұтыну тауарлары, азық-түлік, құрылыс материалдары, цемент) құраған. Порттар шамамен 60,8 мың тонна транзиттік жүктерді (азық-түлік, тұрмыстық техника, дәрі-дәрмек) өндеген.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің таяудағы жолдауында «Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңін сәтті жүзеге асыру арқылы ел астанасын өзге өңірлермен «сәуле» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туғанын атап өткен болатын. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық қаңқасы қалыптасып, елдің әлемдік көлік дәліздеріне интеграциясы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырушы буын ретіндегі Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. 

КТЖ

- Алайда, бұл саладағы бәсекелестік өте жоғары. Орталық-Азиялық аймақта  Қазақстанның транзиттік әлеуетін төмендетуі мүмкін баламалы жобалар пайда болды. Сондықтан, «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзиттік секторының жетекші рөлін нығайтуға бағытталуы керек, - деп атап өтті ол. 

Елдің транзиттік стратегиясында негізгі провайдер болып отырған «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ  үшін бұл көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жалғастыру қажет екенін көрсетеді. 

2020-2025 жылдарға арналған жаңа «Нұрлы жол» бадарламасы аясында жеке инвестициялар есебінен Достық бекетінде төрт жаңа контейнерлік терминал салу жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылға қарай контейнерлерді өңдеу көлемінің жылына 1 млн т ЖФЭ-ге (жиырма футтық эквивалентке) дейін артуын қамтамасыз етпек.  

Республикалық бюджет есебінен «Достық-Мойынты» теміржол көлік дәлізін жаңғырту» жобасын іске асыру көзделіп отыр. 

Аталған аумақты жаңғырту аясында жаңа жеке пункттер салу, қолданыстағы жеке пункттерді дамыту және екінші жолдар құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілмек. Осы арқылы өткізу қабілеті  2 еседен асып, контейнерлік пойыздар жылдамдығы тәулігіне 1250 км құрайды деп күтілуде.

Дарбаза-Мақтаарал жаңа теміржол желісін салу қарастырылуда. Аталған желі шектен тыс жүктелген Сарыағаш-Мақтаарал аумағының жүктемесін азайтып, халық тығыз орналасқан және агроөнеркәсіптік аймақты негізгі теміржол желісімен байланыстыру арқылы өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына септігін тигізбек. Нақтырақ айтсақ, жаңа жұмыс орындарын ашу, халық тіршілігін қамтамасыз ету үшін тауарлар бағасын төмендету, үздіксіз көлік қызметін, ауылшаруашылық өндірісін дамыту, қосымша салықтық түсімдер мен жұмыссыздық деңгейін төмендету  секілді мәселелерді шешуде үлкен рөл атқаратын болады. 

Анықтама үшін: Биылғы жылдың 10 айы ішінде теміржол арқылы 17,2 миллион тонна транзиттік жүк тасымалданған. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен (13,9 млн тонна) 24%-ға көп. Салыстырар болсақ, осы уақыт аралығында автомобиль көлігі арқылы  1,66 миллион тонна транзиттік жүк тасымалданған.  

Аталған уақыт ішінде Қазақстан аумағы арқылы 718,6 мың контейнер өткізілген. Бұл былтырмен салыстырғанда  35%-ға артық. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 21 Желтоқсан, 2020 15:23
Талқылау