Прокуратура Threads және басқа да желілерде жазба жариялайтындарға ескерту жасады
Фото: freepik.com
Қарағанды облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерде ұлтаралық сипаттағы жанжалдар жиілеп кеткенін ескертті. Қадағалаушы орган мәліметінше, ұлтаралық араздықты қоздыратын пікірлер үшін 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Прокурорлар Қазақстан Республикасының Конституциясы ұлтаралық келісімді бұзуға әкеп соғуы мүмкін кез келген әрекетке тыйым салатынын атап өтті. Мұндай құқықбұзушылықтардың жасалу алаңы ретінде Instagram, TikTok, Threads сияқты әлеуметтік желілер танылып отыр. Бұл платформаларда әрбір қолданушыға пікір білдіру бостандығы берілген.
"Алайда ұлтаралық араздықты қоздыратын пікірлер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабына (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда, 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл әрекеттер экстремистік қылмыстар санатына жатады.
Мұндай құқықбұзушылықтар үшін кінәлі тұлғалар белсенді өкініш білдіруіне, жәбірленуші тараппен татуласуына, қылмыстық әрекеттің ескіру мерзімінің өтуіне немесе рақымшылық актісіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылмайды", – делінген прокуратура хабарламасында.
Кінәлі азаматтар өз іс-әрекетіне өкініп, көпшілік алдында кешірім сұрағанымен, бұл олардың жауапкершілігін жоюға негіз болып саналмайды.
"Осыған байланысты барлық азаматтарды заң талаптарын сақтауға, әрбір хабарламаға және айтылған сөздерге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен сенімді тек ортақ құқықтық мәдениет пен өзара құрмет арқылы ғана сақтап қалуға болады", – дейді қадағалаушы орган өкілдері.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
