20 жастағы талдықорғандық студент суға батқан баланы құтқарамын деп көз жұмды (фото)
20 жастағы жігіт бейтаныс адамды құтқарамын деп өз басын тәуекелге тікті. Өзге үшін өзін өлімге қиған оның бұл әрекеті қала тұрғындарын елжіретіп, оның есімі енді мәңгі есте қалмақ.
Қапшағайда баланы құтқарамын деп Олжас Құлжабековтың суға батып кеткенін “Желтая газета” басылымы жазды.
Қатты жел тұрып ақжал толқындар Қапшағай су қоймасының жанында шомылып жүрген балалар тобына тиіп, ағызып әкетеді. “Бодрость” демалыс аймағында бірнеше жүздеген адам демалып жатқанына қарамастан, тек екі 20 жастағы жігіт балаларды аман алып қалу үшін суға күмп береді. Олар Евразия университетінің үшінші курс студенттері Олжас Құлжабеков пен Иван Кузьмин екен.
12 жастағы Әлібек Әлімбаевты ұстаған Олжас бірге жүзген. Бала қатты қорыққаннан жігіттің желкесінен қатты қысып ұстап алған екен. Олар құрғақ жерге дейін жетеді де, алтыншы сынып оқушысын туыстары алып, оған көмек көрсете бастайды. Бірақ бұл кезде кезекті толқынның әл-дәрмені құрыған Олжасты басып қалғанына ешкім назар аудармаған. Оның денесін демалыс аймағы маңынан тек бір сағаттан кейін тапқан.
Енді бала үшін өз өмірін бәйгеге тігіп көз жұмған Талдықорған көшелерінің біріне Олжастың есімі берілмек. Анасы Бибігүл Құлжабекованың айтуынша, ол талантты бала болған. Төрт тілде еркін сөйлеп, өлең жазыпты.
“Ол өмірге құштар болды. Суретке түсіргенде де ерекше нәрселерді байқай алатын. Барлық жағынан талантты еді”, – дейді анасы “Евразия” арнасына берген сұхбатында.
Ал мемлекет басшысының бұйрығымен Олжасқа ерлікпен көз жұмған соң мемлекеттік марапат та табысталған. “Ерлігі үшін” медалі оның жақындарына берілді.
“Олжастың әрекеті кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Адам кез-келген қиын сәтте өзгеге қол соза білуі керек”, – дейді әкесі Серік Құлжабеков.
Ал Олжас оқыған мектепте оған арнап мемориалдық тақта орнатылған.