"2 теңгелік скотч 99 мыңға сатылған": Қаржы мониторинг агенттігі алаяқтықты анықтады
Фото: td-neko.ru
Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік сатып алуларда қарапайым скотчтің бір қаптамасы 99 мың теңгеге дейін сатылғанын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, бюджеттік қаражатты мақсатсыз жұмсау мен бағаны жасанды көтеру арқылы қара нарыққа жол ашылған.
"Қарапайым орау скотчінің бағасы 2 теңгеден 99 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады. Айырмашылық шамамен 50 мың есеге жетеді, бұл орташа бағаны жасанды көтеру үшін жасалады", – деді Қайрат Бижанов.
Агенттік тергеушілері мұндай мыңдаған жағдайларды анықтап, жалпы 4 миллиард теңгеге дейін бюджеттік қаражаттың заңсыз жұмсалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар кейбір тауарлар техникалық талаптарға сай емес болып шықты.
Қаржы мониторингі мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ашық әрі мөлдір етуге, бюджеттік қаражатты бақылауды күшейтуге уәде берді.
Мәсімовтен тәркіленген қаламдар 900 мың теңгеге сатылды
Қазақстандық миллионға несиеге массаж құрылғысын сатып алып, кейін оның 60 мың теңге тұратынын білді
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облыстық филармониясы 300 қабырға картинасын 48 миллион теңгеге (әрқайсысы 160 мың теңгеден) сатып алуды жоспарлаған. Нарықтағы орташа баға бір картинаға 20 мың теңге екенін ескерсек, жалпы артық шығын 42 миллион теңге болған. Антикордың ұсынысынан кейін бұл сатып алу да тоқтатылып, қаражат бюджетке қайтарылды.

Қазақстанда отбасылардың жәрдемақы алу үшін әдейі ажырасатыны рас па? Зерттеп көрдік
