"2 мыңнан астам есегі бар": Жамбыл облысында аштан қырылған есектердің иесіне айыппұл салынды
Фото: istockphoto.com
Жамбыл облысында есектердің аштан қырылуы дерегі бойынша жергілікті шаруа қожалық иесі айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясының мәліметінше, “ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру” ақпараттық жүйесінде есектердің иесі ретінде Жамаш Тұрлыбек есімді шаруа тіркелген. Оның иелігінде 2 443 бас есек бар.
Шаруаға малды күтіп-бағу және сәйкестендіру ережелерін бұзғаны үшін 98 300 теңге, ал ветеринариялық-санитариялық нормаларды сақтамау және есеп үшін деректерді бермеу фактілері бойынша тағы 98 300 теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабының 5-тармағы бойынша 49 150 теңге көлемінде тағы бір айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұған дейін жергілікті тұрғындар бірнеше ай бойы ауыл маңындағы есектердің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып, оларды басқа жерге көшіруді талап еткен еді. Байзақ ауданы әкімдігі аталмыш мәселеге қатысты мәлімдеме жасады.
“25 қазан, сенбі күні Темірбек ауылдық округі маңында ұсталған есектер Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылы жақтағы жайылымдарға айдала бастады. Қазір қораларда ұзақ қашықтыққа шыдай алмайтын 10-15 бас қана жануар қалды”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында есек қаптап, төрт түлікті азықсыз қалдырғаны туралы жазған едік.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді