18 жасында әке атанған жігіт ерте отбасын құрудың артықшылықтары туралы айтты
18 жасында отбасын құрған қазақстандық жігіт ерте отбасын құрудың артықшылықтары туралы айтып берді. Ол бір кездері сүйіктісінен айырылып қалудан қатты қорыққан екен.
Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдаралмасында айтылды.
«Болашақ жарыммен 17 жасымда таныстым. Ол кезде колледжде білім алып жүрдім. Сол жерде бірге оқыдық. Колледжге менен бір жылдан кейін келген болатын. Екеуіміз қыз-жігіт болып бір жыл жүрдік. Ақырында үйленуге шешім қабылдадым. Бір ұлымыз бар. Құдай қаласа, жуырда қызымыз дүниеге келеді. Осы сәуір айының ішінде босануы тиіс. Алдымдағы екі әпкем тұрмысқа шығып кеткен соң, ата-анама қарайтын келіншек алғым келді. Бастапқыда жас екенімді айтып, ата-анам қарсы болды.
Бір жыл жүрген соң үйге әкеліп қызымды таныстырдым. Соңында әйтеуір келісімін берді. Қыздың әке-шешесі де қарсы болды. Оның үстіне қызым кәмелеттік жасқа толып үлгермеген еді. Махаббаттың арқасында барлығын жеңіп шықтық. Анама қарағанда, менің отбасын құруыма әкем қарсы болған сияқты. Ол тікелей бетіме айтпаса да, анам арқылы көп нәрсені жеткізіп отырды. 20 жасқа дейін жүре тұр деп үгіттеді. Арамыз суып кетеді немесе басқа біреулер от салуы мүмкін деп қорықтым. Менің тарапымнан қызғаныш та болды. Ең бірінші кезекте, әке-шешеме қарайлауға көмектескенін қаладым.
Менен кейін бір інім бар. Астанаға көшіп келгенімізге бір жыл уақыт болып қалды. Әйеліме үй шаруасында көмектесіп тұрамын. Қажет болса ет турап, қоқысты шығарамын. Бірақ жалақымды келіншегіме емес, әпкеме беріп отырамын. Тату-тәтті тұрып жатқандықтан, бөлек пәтерге шыққымыз келмейді. Алғаш рет төркініне барғысы келетінін айтқанда ұрыстық. Төркініне 5-6 айдан кейін бірақ жібердім. Ерте үйленген соң өмірге деген көзқарасың өзгереді. Достарыммен қыдыратын кезде міндетті түрде ескертіп кетемін. Басқа үйге қонып қалған кездерім болмапты. Достарым бар. Бірақ олармен бұрынғыдай араласа алмаймын. Уақытың азайып, баратын жерлерің көбейеді. Уақытты кері айналдырса да, отбасын құратын едім. Өзімді әке, жар ретінде сезіне аламын. Отбасылық өмірде ең бастысы – жанұяның бақыты», – дейді Қыдырәлі мырза.
Психолог Марал Сарбасқызы өз кезегінде Қыдырәлі мырзаның психологиялық тұрғыдан отбасын құруға дайын еместігін айтып өтті. Әзірге туысқандарымен бірге тұруға да кеңес берді.
«Адам физиологиялық және психологиялық тұрғыдан дайын болады. Осы тұста сіздің отбасын құруыңызға физиология басым себеп болып отыр. Психологиялық тұрғыдан әлі де болсын дайындығыңыз жоқ. Себебі, қазіргі отбасында пайда болған әлеуметтік жағдайды туған-туысқандар шешіп жатыр. Сол себепті сізге «Өзіңізді әке, жар ретінде сезінесіз бе?» деген сұрақ қойдым.
Артынша сіздің қатты қобалжығаныңызды байқадым. Ерте үйленудің бір ерекшелігі – 16-18 жаста үйленген ер азаматқа отбасындағы өзінің рөлін түсіну үшін 6 жыл уақыт керек. Ал осы 6 жыл ішінде не болады? Махаббат ол керек нәрсе. Бірақ көзқарас бір жақта болмаса, арадағы түсініспеушіліктер қақтығысқа әкеліп соғады. Осы тақырыптың төңірегінде біраз ойланыңыз. Сіздерді сүйемелдейтін адам болып тұр. Әзірге бөлек шығудың сіздерге қажеті жоқ. Эмоцияның жетегінде жүрген адамдар ерте отбасын құрады. Себебі олар іс-әрекетті таразыламайды», – дейді маман.
Құрметті Stan.kz сайтының оқырмандары! Өрелі адамдар жайында айтар өнегелі әңгімеңіз немесе қызықты фото, видеоңыз немесе бізге айтар ұсыныс-тілектеріңіз бар болса, [email protected] поштасына хат жазуларыңызға әбден болады.
Жіберіп алмаңыз:
29 жастағы бойжеткен: Жағдайымды жасап барып тұрмысқа шығамын
Астаналық тоқал: Қызымды екінші әйел етуге дайынмын
Бақытты азаматтар әйелін ұратын жігіттерге кеңес берді
Жандарбек Бұлғақов: Еркектер серіктес болып босануды көтере алмайды