Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

18 жастағы жігіт жер бетіндегі ең биік 14 шыңды бағындырған ең жас альпинист атанды

Непалдық жасөспірім жер бетіндегі ең биік 14 шыңды бағындырған ең жас альпинист атанып, әлемдік рекордты жаңартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: 14 Peaks Expedition

18 жастағы Нима Ринджи Шерпа 9 қазан күні Тибеттегі Шишабангма тауының басына шықты. Ол әлемдегі барлық 14 сегіз мыңдықты, яғни биіктігі теңіз деңгейінен 8000 метрден асатын барлық тауларды бағындырған санаулы адамдардың бірі атанды.

Шерпа тауға шығуды 16 жасында бастаған. Барлық 14 шыңды бағындыру үшін ол 740 күн жұмсаған.

Нима Ринджидің рекордтар тізімі мұнымен шектелмейді: ол Қарақорамдағы Гашербрум I және II шыңдарын бағындырған әлемдегі ең жас альпинист; Кашмирдегі Нанга Парбатқа шыққан ең жас альпинист; Эверест пен көршілес Лхоцэ тауын 10 сағатта бағындырған ең жас альпинист атағын алған. 

"Бұл шың менің жеке саяхатымның шыңы ғана емес, сонымен қатар біздің дәстүрлі шекарамыздан тыс нәрсені армандауға батылы барған әрбір шерпаға құрмет. Альпинизм – жұмыс емес, бұл біздің күш-қуатымыздың, төзімділігіміздің дәлелі", – дейді Нима Ринджи.


Эльбрус тауынан түсе алмай қалып, аяғын үсік шалған қазақстандық альпинист құтқарылды


"Шерпа" сөзі әдетте Эверест аймағында жұмыс істейтін тау гидіне немесе жүк тасушыға қатысты қолданылады.Сонымен қатар бұл сөз Непал тауларында тұратын этникалық топтың өзіндік атауы.

Нима Ринджи Непалдағы ең ірі альпинистік экспедициялық "Seven Summit Treks" компаниясын басқаратын альпинистер отбасынан шыққан. 

Непал туризм министрлігінің альпинизм жөніндегі директоры Ракеш Гурунг Нима Ринджидің рекорд орнатқанын растады.

"Таңертең рекорд расталды. Базалық лагерьге оралғаннан кейін, сертификатын алады. Енді бұл рекордты жаңарту қиын болады", – дейді Гурунг.

Шерпаға дейін барлық 8000 метрлік шыңдарды бағындырған ең жас альпинист тағы бір непалдық альпинист Мингма Гябу "Дэвид" Шерпа болды. Ол рекордты 2019 жылы 30 жасында орнатқан.

Талқылау