Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл жақта адам құқығы деген қағаз жүзінде емес": АҚШ-та оқып жүрген отандасымыз Вашингтондағы "Абай" орталығының үйлестірушісі болып жүр

Америкадағы отандасымыз Ертай Сұлтан – Вашингтон қаласында "Болашақ" бағдарламасымен оқып, әлем жұртшылығына қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген жандардың бірі. Ол – 2020 жылы Джордж Вашингтон университеті жанынан ашылған "Абай" орталығының үйлестірушісі. Stan.kz тілшісіне отандасымыз АҚШ-тағы тұрмыс-тіршілігі мен орталықтың жұмысы туралы айтып берді. 

Ертай СЕртай Сұлтан, жеке архивтен

Ертай Сұлтан өмірінің соңғы он жылы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы институт та өткен. 2012 жылы сонда директордың баспасөз хатшысы болып жұмысқа орналасады. Ал 2018 жылы директордың орынбасары қызметін де атқарған. Бір жағы докторлық дисертатциясын да қорғап, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті баспа және электронды БАҚ кафедрасында ұстаздық қызмет етеді. 

"2020 жылдың пандемия аяғында әлемнің түкпір-түкпірінде "Абай" орталықтарын ашу жөнінде ұсыныстар айтылды. Сол кездері кейбір елдерде "Абай" орталықтары ашыла бастады. Ол кезде АҚШ-тағы елшіміз Ержан Қазыханов болатын. Вашингтонның төрінде орналасқан Джордж Вашингтон университеті бар. Осы университеттің халықаралық қатынастар бөлімі ішіннен "Абай" орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы пандемиямен тұспа-тұс келді. Бастапқыда жұмыстарымыз онлайн платформаға көшірілді. 

Батыстық ғалымдардың Орта Азия мен Қазақстанды зерттеуі, тарихи құндылықтар деректемелері, ғылыми монографияларға жарияланған жұмыстары орталықтың сайтында көрсетілді. Бұдан бөлек арнайы спикерлерден қазақтың музыкасы, табиғаты, кино өндірісіне қатысты сұхбаттар алынып жарияланды", –  дейді жерлесіміз. 

Ертай Сұлтан, жеке архивтен

Осындай жұмыстарды жүргізу үшін Қазақстаннан филолог маманды шақырту бойынша ұсыныс жасалынған. Мұхтар Әуезов институтына ұсыныс келіп, кейіпкеріміз қуана-қуана келісе кеткен. 

"Ел қатарлы құжаттарымды тапсырып байқаудан өттім. 2021 жылдың қараша айының басында келгенмін. Америкада жүргеніме бір жылдың жүзі болып қалды. Алла жазса жуырда елге қайтамын", – деп елге деген өз сағынышын жеткізеді отандасымыз.

"Орталықтың негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін ағылшын тіліндегі жұртшылыққа таныстыру. Өйткені саясат пен халықаралық қатынастар өз алдына бөлек дүние. Әрбір халықтың тарихын, мәдениетін, бейнелеу өнерін, логикасын, философиясын және музыкасын нақты білу мүмкін емес. Сол себепті де халықаралық қатынастаh саласында жүрген азаматтар тарихты терең білуі керек. Өзіме ұнайтыны – орталық саясаттан алыс. Өзім де саясат жағына аралсқым келмейді. Десе де ағылшын жұртшылығына қазақ мәдениетін таныстыру өте қызықты болды. Қазақ мәдениетінің тарихы, музыкасы, бейнелеу өнері және спорт жағын төрт сала ретінде бөліп қарастырдық. Осының бәрін де қамтып шетелдіктерге түсіндіруге тырысамыз", - дейді ол.

Сөзінше "Ұлы даланың әуездері" деп аударған 11 сериядан тұратын подкасттарды да дайындаған. Онда Дәулеткерей Шығайұлы, Ықылас Дүкенұлы, Дина Нұрпейісова сияқты даналарымыздың өмірбаяндары мен күйлерін де қамтыған. Осы бағытта қазақтың кең танымын өзге халыққа түсіндіру орталықтың негізгі жұмыстарының бірі болды дейді. 

"Шеттегі қазақтардың ауызбіршілігі басқаша. "Әр қазағым жалғызым" деген сөз бар ғой. Қандай да бір шара болса жұдырықтай жұмылып кетеміз. Өзіміздің генетикалық кодымызда тұрған дүние сияқты. Бұл жерде әртүрлі саладағы қазақтар жүрміз. Бірақ оны өзіміз мүлде байқамаймыз. Біреуміздің туған күніміз болса да жинала кетеміз. Мұндай дүниелер адамға ерекше әсерін береді. Америка жерінде біраз жыл тұрып, өз кәсібін ашып осы елдің азаматтығын алған қазақтарымыз да бар. Олардың бізге деген ықыласы ерекше. "Абай" орталығы ашылғанда олар да қатты қуанды”, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, ағылшындар күй арқылы барлығын жеткізуге болатындығына таңғалған. Күйдің өзі адамды ерекше әсерге бөлейді. Қазақ фильмдеріндегі түсірілімдердің тарихы туралы да ақпарат береміз. Бізде бейнелеу өнері қатты дамымаған. Сол жағынан көбі көрме ретінде еңбектерін АҚШ-қа әкеп жатады. Біздің де орталық осы бағытта мән береді дейді. 

"Америкадағы қазақ диаспорасы орталығымызға өз қызығушылықтарын танытуда. Болашақта қазақ тілін үйренгісі келетін жандар үшін үйірмелер де қолға алынады. Бірақ оны алдағы уақытта жетілдіру қажет. Диаспора өкілдері де қазақ тілін ұмытпау үшін қазақ тілі курстарын ашуды жоспарлаған. Биыл фильмдер көрсетіп, Наурыз мерекесін де атап өттік. Әзірге біздің қолымыздан келетіні осы", – дейді қазақстандық студент.

“Болашақ” бағдарламасы беретін шәкіртақы – 1750 доллар. АҚШ-тағы үй жалдау бағасы 1100 доллардан жоғары. "Абай" орталығы жүріп-тұруға қаржы бөлуді қарастырмапты. 

Ертай Сұлтан, жеке архивтен

"Кішігірім дүние болса да, алға қойған мақсаттарымыз бен жұмыстарымыз үлкен. Мұндай бағдарламалар кейбір елдерде жоқ. Біздің жолымыз бен визамызды, аз да болса да шәкіртақысын беріп жатыр. Сондықтан да бағдарламаға алғыс айту керек. Ел абыройын қорғап, өз мәдениетін танытып жатқан басқа елдер жоқтың қасы. Сол себепті де қанағат тұту керек. 

Қиындықтар жоқ емес, бар. 1700 доллар түкке де тұрмайды. Американың астанасы – Вашингтон біздің астанамыз сияқты өте қымбат. Бірақ оның да амалын тауып, бірігіп пәтер жалдап тұрамыз. Кейде 2500 доллар бергенде ғой деген ой болады. Әзірге барға қанағат етіп, әрі қарай жұмысты жалғастыру керек. Жұмыс істейтін адам қиыншылықтарға қарамай, әйтеуір бір ебін табады. Жұмыс істегісі келмейтіндер елде жатып, үйде отырып сынай береді", – дейді ер азамат.

Осы бір жыл ішінде 200-дей адам болса да, қазақ мәдениеті туралы ақпарат бере алдым дейді.

"Ғылым саласында жүргеннен кейін мәдени шок алмадым. Ізденіс үстінде жүретін адамдармен тіл табысу өте оңай. Өзім жақсы тамақтанғанды жақсы көремін. Сол жағынан біраз қиналдым. Мұнда көбінесе тез дайындалатын тамақтар. Өйткені адамдар уақытты бағалайды. Біз секілді тамақ пісіріп, оның артынан ыдыс жуғанға уақытын кетірмейді. Бұдан бөлек қызметке сағатпен де төленеді. Адамдардың өмір-салтына таңғалатындай дүние емес. Бір жағынан қарасақ, өте дұрыс. Өзіміз тамақ пен шәй үстінде әңгімеге құмар халықпыз ғой. 

Бұл жақта жүйенің кереметі де бар. Бұлар демократияны 200 жылдан аса құрып жатыр. Әрбір азаматтың этикасы, мәдени деңгейі жоғары. Адамдар көшеде итін серуендетіп шықса, оның жүрген жерін тазалаудан шаршамайды. Бір-біріне көзі түсіп кетсе, міндетті түрде амандасып саулығын тілейді. Бұл жақта адам құқығы деген қағаз жүзінде емес. Жалпы алғанда үйренетін дүниелер көп", - дейді жерлесіміз.

Олардың әдіс-тәсілдерін қаз қалпында қабылдап, бұлар сияқты болуға ұмтылудың керегі жоқ дейді ол.

“Біздің ойлау жүйеміз өзге. Осындағы қалыптасқан формулаларды өзімізге икемдеп барып жасау қажет. Ұлтымыздың түсінігі мен философиясына қалыптастыра алған жөн. Әрбір адамның өмірі – өз жауапкершілігі. Бізде барлығы керісінше ғой. “Үкімет неге жасамайды” деп отырамыз.

Мемлекет саған Америкаға баруға мүмкіндік беріп отыр. Ендеше әрекет етуге болады. Біз сол жағынан қалып жатырмыз. Американы келіп, көрген дұрыс. Бірақ америкалық болуға ұмтылудың керегі жоқ. Бұл жақта дұрыс жұмыс жүргізілмесе, ешкімді де аямайды. Біздің елдегідей түсіністік таныту деген жоқ. Сондықтан да АҚШ-та әр адам өзіне жауапкершілік алады. Ал бізде адамдар жауапкершіліктен қашады", –  деп Вашингтон төрінен отандасымыз елге дұғай-дұғай сәлемін жолдайды.

 

Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау