Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Неге жемқорлық тоқтамайды?": Қазақстандық жас маман полиция мен прокурорлардың 150 мың теңге айлық алатынына шағымданды

полиция мен прокурордың айлығы аз

Фото: Stan.kz

Қазақстандық заңгер Алуа Секшиова мемлекет қызметкерлерінің айлығының төмен екенін айтып, құқық қорғау органдарындағы маман тапшылығы мәселесін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заңгер Алуа Секишова әлеуметтік желідегі парақшасында жоғары оқу орнында заң саласын аяқтаған соң погон таққан тәртіп сақшысы немесе прокурор болғысы келген. Алайда еліміздегі құқық қорғау органдарының жалақысы оған еш таңдау қалдырмаған.

“Неге Қазақстанда әлі күнге дейін жемқорлық тоқтамайды? Мәселе заңның жоқтығында емес, мәселе оның орындалуында, мамандарда, осы заңды жүзеге асыратын адамдарға деген қарым-қатынаста. Кейде мамандар мүлдем табылмайды. Мамандар болса да, олардың жағдайы жасалмаған. Расымен мұқтаж адамдардың айлығын көтермейді. Қарапайым мысал, мәжіліс пен сенат депутаттары екі ай демалады. Ал тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың күнделікті жүктемесі ауыр, мүлде демалмайды десе де болады. Жұмыс қарқыны қажытады, эмоциялық күйзеліске түсіреді, ал жалақысы тыныш өмір сүруге жетпейді, бірнеше есе аз айлық алады”, – деп жазды заңгер.

Осы тұста өзін мазалайтын басты сауалды қойды.

“Сот билігі – бұл заң шығарушы және атқарушы билік сияқты мемлекеттік биліктің тең дәрежелі тармағы емес пе?! Онда неге сот актілерін шығаратын, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ететін, қылмыстарды тергейтін және заңды іс жүзінде жүзеге асырудың негізгі ауыртпалығын көтеретін адамдардың жалақысы бірнеше есе аз? Олар нағыз әділдікті орындаушылар емес пе? Олар құр сөзге емес, жақсы жалақыға лайық жандар емес пе?! Иә, бізде заңдар жазылған. Енді оны адал, жүйелі түрде және үнемі бұлжытпай ұстанатындарға құрмет көрсете отырып орындау керек. Ол үшін бір-ақ нәрсе қажет: құқық қорғау саласының алдыңғы шебінде жүргендерге лайықты жағдай жасап, лайықты еңбекақы беру керек. Жай ұрандатып қана қоймай, нақты іс-әрекет пен бюджеттік шешімдер қабылдау керек”, – делінген жазбада.

Қазір Алуа жеке заңгер. 2022 жылы университет бітірген ол бірінші курстан бастап жұмыс істеген. 

“Сотта адамдарды қорғау үшін барлық қажет құжаттарды алған соң 22 жасымда кәсіби түрде жұмыс істей бастадым. Адвокаттардың жалақысы толығымен оның жұмыс тәжірибесіне және оның қандай да бір кәсіби қабілеттеріне байланысты. Оның қанша жаста екені маңызды емес, бастысы – жұмыс өтілі. Мен бұл салаға келгенде 18 жаста едім,  университетті бітіргенше бес жылға жуық тәжірибе жинап үлгердім. Осылайша, 21 жасымда қызметім 500 000 теңгеге бағаланды”, – дейді Алуа Секишова.

Автордың жазбасын құқық қорғау органдары қолдап, оның сөзін растады.

“Полиция қызметкерімін, 15 жылдық жұмыс тәжірибеммен 200 мың теңге айлық аламын. Әйеліммен күн көріп келеміз”, “Капитан шенімен 230 мың теңге алдым”, “Енді бастап жатқан тергеушілердің айлығы шамамен 224 мың теңге”, “3 ай бұрын мемлекеттік қызметтен кеттім. 18 жыл жұмыс өтілім бар. Соңғы 10 жылда жетекшілік қызметте жүріп 230 мың теңге айлық алдым. Жүктеме көп, маман аз, үнемі стресте жүресің”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, елімізде капитан шеніндегі патрульдік полиция инспекторының айлығы  – 154 592 теңге, аумақтық аудандық орган қызметкері 125 047 теңге, капитан шеніндегі аудандық аумақтық органның тергеушісі, жедел уәкілі 158 203 теңге, капитан шеніндегі учаскелік полиция инспекторы – 178 324 теңге жалақы алады. Ал прокурордың ең төменгі жалақысы 164 052 теңгеден басталады.

 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 12 Тамыз, 2025 17:14
Талқылау
`