"15 жер сілкінісін 6 түрлі жануар сезді". Алматы зообағында зілзаланы болжау үшін 5 жыл бойы сынақ өткізілген
85 жылдық тарихы бар Алматы хайуанаттар бағында табиғат апатын болжау сынағы 5 жыл бойы жүргізілген. 1987 жылы қолға алынған іс аясында зообақтағы маймыл, қасқыр, бауырымен жорғалаушылар мен тұяқты жануарлардан бөлек, аквариумдағы балықтар да зерттеу нысанына айналыпты. Осылайша 15 жер сілкінісін 6 түрлі жануар алдын ала сезген. Stan.kz ақпарат агенттігі хайуанаттар бағының даму бөлімі меңгерушісі Ақжами Рахимовадан сол сынақ жылдарындағы іс-материалдарын сұрап, білді.
Фото: Алматы қаласы Хайуанаттар бағы мұрағаты
Шынында, биыл жойқын жер сілкінісі дүниежүзінде жиі тіркелуде. Түркиядағы жағдай тіпті көптің үрейін ұшырғаны анық. Қазақстанда да табиғат апаты әлсін-әлсін қайталанып жүр. ӘсіресеАлматы, Шымкент, Тараз тұрғындары соңғы айларда 2-3 баллдық жер тербелісін бірнеше рет сезді. Осы орайда зілзаланы алдын ала болжау, құлақтандыру өзекті мәселеге айналып отыр. Ақжами Рахимова осыдан 30 жылдан аса уақыт бұрын хайуанаттар бағы аумағында болған эксперименттің қалай жүргізілгенін мұрағат деректерінен тізбектеп берді.
"Жер сілкінісі жиілеуіне байланысты Хайуанаттар бағындағы мынадай қызық зерттеуге көзім түсті. Яғни мұндағы жабайы жануарларды зілзаланы болжау нысанына айналдырған. Мұрағат құжаттарын ақтара мына іс-материалдарымен таныстырайын. Зерттеу құжатында Алматы хайуанаттар бағы қаланың оңтүстік-шығысындағы тау бөктерінде орналасқан, сейсмикалық қауіптілігі 9 баллдан жоғары екені көрсетіліпті. 1987 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Сейсмология институтының басшылығымен Алматы хайуанаттар бағында жер сілкінісінің хабаршысы ретінде жануарлардың мінез-құлқына арнайы зерттеулер жүргізілді. Зерттеу жұмыстарын іске асыру мерзімі 1987-1993 жалдарға белгіленгені жазылған. Сол сынақ кезеңіндегі құжаттарға көз салсақ, алдымен маймылдар, құстар, бауырымен жорғалаушылар мен аквариумдағы балықтар бақыланған. Кейін 1991 жылдан бастап сүтқоректілерді, оның ішінде тау ешкілері, Пржевальск жылқысы, ала марал, түйе, қасқыр, қарсақ, борсық, кенгуруге тұрақты бақылау басталыпты", - деді ол.
Фото: Алматы қаласы Хайуанаттар бағы мұрағаты
Зообақ қызметкері сол жылдар аралығында зерттеу нысаны болған жануарлардың негізінен орналасқан аумағын, қозғалуын, қорегін, дыбыс белсенділігін, топтағы және жеке-жеке қарым-қатынасын, тағы басқа ерекшеліктеріне баса назар аударылғанын да айтты. Әрі оларды зерттеу күніне 2-3 рет жүргізіліп тұрған екен.
"Құжатта алынған деректердің, жүргізілген бақылаулардың ақпараттық карталарға енгізілгені нақты көрсетілген. "Біз жануарлардың әдеттен тыс мінез-құлық жағдайларын Сейсмология институтының болжамдық комиссиясына есеп беру арқылы хабарладық. Ақпарат геофизикалық, гидроклиматтық және гидродинамикалық өлшемдермен бірге талданады. Осылайша, осы кезеңде сезілген 15 жер сілкінісінің алдында 6 түрлі жануарда әдеттен тыс мінез-құлық байқалды. Әрине, хайуанаттар бағының мамандары белгілі себептермен жануарлардың мінез-құлқын әрдайым нақты тіркей бермейді, бірақ нәтиже өте қызықты. Мысалы, 1987 жылы 24 қаңтарда "биоболшағыш" боз жылан жер қозғалысын 4 сағат бұрын сезгенін көрсетті.
1989 жылдың 21 шілдесінде айдаhар жылан, гюрза, аллигаторлар 1 сағат бұрын жер қыртысының қозғалуын білді. Ал 1990 жылдың 12 қарашасында қасқырлар 1 тәулік бұрын зілзала боларын сезіп, белгі бере бастады. Яғни биоболжағыш саналатын жануарлар қауіп төнер алдында мазасызданып, өздерін жайсыз сеніп, өзгеше мінез-құлық көрсеткен" деген тұстарын жинақтап шықтым, - дейді Ақжами Рахимова.
Фото: Алматы қаласы Хайуанаттар бағы мұрағаты
Кейіннен тәуелсіздік жылдарында бұл үрдіс ұмыт қалды. Негізгі басымдық заманауи әдіс-тәсілдерге беріле бастады. Содан бері 30 жылдай уақыт өтті. Хайуанаттар бағындағы зерттеу нысаны болған жануарлардың қазір аман қалғаны жоқ. Ақжами Рахимова бүгінде зообақта тура осындай зерттеу жұмыстары жүргізілмейтініне тоқталды. Әрі негізгі басымдық жабайы жануарларды, жыртқыш құстарды көбейтуге беріледі екен.