Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"133 км/сағ жылдамдықпен қызылға өткен": Астанада жас миллионер қамауға алынды

Жаяу жүргіншілер жолынан 133км/сағ жылдамдықпен өткенФото: instagram.com/eazzy_eazzy/Видеодан скрин

Астана полициясы жол ережесін өрескел бұзған ер адамды ұстап, қамауға алды. Осы уақытқа дейін ол 61 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 жастағы BMW көлігінің жүргізушісі ұзақ уақыт бойы жол қозғалысы ережелерін өрескел әрі жүйелі түрде бұзып келген. Жыл басынан бері оған 61 рет әкімшілік жауапкершілік жүктелген, оның 59-ы жылдамдықты асырғаны үшін. Ең қауіпті жағдайлардың бірі Әл-Фараби көшесінде тіркелген.

“Ол жаяу жүргіншілер өткелінен сағатына 133 шақырым жылдамдықпен қызылға өтіп кеткен. Бұған дейін 90 шақырым рұқсат етілген жерде сағатына 216 шақырым жылдамдықпен жүрген. Мұндай әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді", – деп хабарлады полиция.

Жүргізуші ұсақ бұзақылық үшін жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылды.

"Заң талаптарын қасақана және жүйелі түрде елемейтін, оның ішінде бұрын төленген айыппұлдардың бар-жоғына және табыс деңгейіне қарамастан, тұлғалар заңнамада көзделген неғұрлым қатаң жауапкершілік шараларына тартылады. Заң баршаға ортақ", – деп мәлімдеді ведомство.

Kozachkov offside Telegram арнасы құқық бұзушының танымал мобильді ойын жасаушысы және долларлық миллионер Роман Линейцев екенін жазды. 

“Белгілі болғандай, оның 9 көлігі бар және тек осы жылдың өзінде 50-ден астам жағдайда жол ережесін бұзған. Көп жағдайда жылдамдықты асырған. 27 жастағы жүргізуші – белгілі IT бизнесмен, “Grand Mobile” атты танымал ойынды жасаған. Ол 2025 жылы сәуірде 2024 жылы компаниясының 18 миллион доллар табыс тапқанын айтқан. Ол сондай-ақ Forbes журналының "30 жасқа дейінгі 30 үздік" тізіміне енген. Бұл тізімге үлкен әлеуеті бар жас кәсіпкерлер кіреді”, – деп жазды арна.

Бұдан бөлек, жазбада Линейцевтің компаниясы "Торпедо" хоккей клубы мен көкпар федерациясына демеушілік жасайды, сондай-ақ стартаптарды қаржыландыратыны туралы көрсетілген.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Сәуір, 2026 09:15