Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда жаңа smart-орталық ашылды

Бүгін Қостанайда IQOSTANAY оқушылар сарайы ресми түрде ашылды. Заманауи үлгідегі тәлім-білім ордасы өңірде баламасы жоқ әлеуметтік ғимарат ретінде бағаланып отыр. Су жаңа сарайдың жай-күйімен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ІQOSTANAY сарайының құрылысына жалпы сомасы 11,3 млрд теңге қаражат жұмсалған. Үш қабатты, заман талабына сай, соңғы үлгіде жабдықталған нысанның жалпы ауданы — 12 мың шаршы метр. Облыс орталығында осындай көркі көз тартатын рухани орда пайда болатыны туралы ақжолтай хабар жария етілген күннен бастап, оқушылар мен ұстаздар және ата-аналар қауымы осы күнді асыға күткен еді. Өйткені өңірде заманауи біліммен қаруланған жас буын қатарының көбейе түсуіне осы оқушылар сарайының дәнекер демеуі, оң ықпалы орасан зор болары сөзсіз. 

"Бұл мекемеде қазақ және орыс тілдерінде оқытатын 48 топқа кемінде 1300 бала қатыса алады. Енді оқушыларымыздың ғылыми салада өз білімдерін айтарлықтай арттыруға, өнерде қабілеттерін жетілдіруге және жаңа деңгейге, халықаралық конкурстарға қатысуға мүмкіндіктері бар. Әрбір оқушы армандарын жүзеге асырып, көңілі қалап, жаны сүйген істе жоғары жетістіктерге қол жеткізе алуы үшін облыстың әр өңірінде осындай заманауи Оқушылар сарайы ашылуы тиіс деп санаймын", – деді облыс әкімі Құмар Іргебайұлы құттықтау сөзінде.

Өңір басшысы атап өткен топтар үш бағыт бойынша жұмыс істемек. Атап айтқанда, 26 топ оқушыларға ғылыми-техникалық бағытта тәлім берсе, сегіз топта жеке қызығушылық танытқан балалалар экологиялық-биологиялық салада білім ала алмақ. Тағы 14 топ оқытушылары болашақ шәкірттерді эстетикалық бағытта тәрбиелемек. Қазіргі уақытта ата-аналардан 850-ден астам өтініш қабылданған. 

"Немерем Сырбай Мәуленов атындағы гимназияның 5-сынып оқушысы. Бүгін сарайдың ашылу салтанатына арнайы келіп отырмын. Ерекше өуаныштымын. Оқу ғимаратын толықтай аралап шықтым, заманауи әрі жаңа құралдармен жабдықталған екен. Инстаграм желісінен көріп, баламды бірден ағылшын үйірмесіне беремін деп шештім. Балам осы мекемеден сапалы білім, саналы тәрбие алып шығады деп кәміл сенемін", – дейді Қостанай қаласының тұрғыны Анара Нұрханқызы.

Оқушылар сарайы заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Мұнда балалар үшін соңғы буындағы компьютерлер орнатылған киберспорт залы, инженерия кабинеті, робот құрастыру үйірмесі, виртуалды шындық кабинеті, 3D модельдеу бөлмелері, күн батареясы мен жел генераторлары бар жаңартылатын қайнар-көздер үйірмесі, гидропоника және аквапоника кабинеті және тағы басқа бөлімдер жұмыс істейді.

Бұлардан бөлек, мекемеде толықтай жабдықталған 300 орындық акт залы, LED экраны бар коворкинг залы, медиа-аппаратурамен жасақталған оқу залы, режиссерлік және актерлік шеберлік кабинеті бар. Осының бәрі жас буынға оқу кеңістігінде сапалы білім алуға және шығармашылық әлеуеттерін дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз. 

Сондай-ақ өнер, білім, ғылым бағытындағы оқушылар сарайында әлеуметтік тұрғыда пайдасы бар орталықта педагогтер, әкімшілік өкілдері мен техникалық персонал үшін 84 тұрақты жұмыс орны құрылғанын айта кету керек. Ең бастысы, смарт-орталық тек оқушыларға ғана емес, білікті тәлімгер-ұстаздардың да көңілінен шығары шүбәсіз. Мәселен, кәнігі маман Әділет Оспанов нақ осындай ақшаңқан ғимаратта, заманауи мектепте жұмыс істеудің зор ғанибет екенін айтады. 

"Мынадай ерекше қызығушылықпен қызмет етуге ынталандыратын өнер-білім ордасының ірге көтеруіне қолдау-демеу көрсеткен басшылыққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Сан салалы смарт-орталықта балалардың жан-жақты дамып-жетіліп, білім-ғылым меңгеруіне орасан зор мүмкіндік жасалған. Алдағы уақытта үйірмелерде шәкірттеріміздің білімін шыңдайтын түрлі деңгейдегі сайыстар, ауқымды байқаулар да ұйымдастырылады делініп отыр. Біз де оқушылардың қабілетін шыңдап, белсенділігін арттыру үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырамыз", – дейді тәлімгер.

Ендігі мақсат – IQOSTANAY-дың насихатын, беделін, қамту аумағын арттыру. Мекеменің ашылу салтанатында мәлім етілгендей, сенбі күні, 18 қарашада сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін Оқушылар сарайында оқушылар мен ата-аналар үшін Ашық есік күні ұйымдастырылады. Сол арқылы өңір тұрғындарына орталықтың қызметін кеңінен таныстырып, шәкірттер қатарының көбейе түсуіне қам жасау көзделіп отыр.

Талқылау