"1000 теңгеге киім алуға болады": Алаяқтар масс-маркеттердің атын пайдаланып жалған жарнама жасап жатыр
Желіде масс-маркеттердің атын пайдаланып, жалған жарнама жариялайтын алаяқтар пайда болған. Олар аталмыш киім дүкендерінде өте тиімді жеңілдіктер болып жатыр деп қызықтырып, ақшаларын жымқырып алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Facebook желісінде масс-маркет киімдері 1050-1060 теңге көлемінде сатылып жатыр деген жарнамалар пайда болды. Жарнамаға алаяқтар өздерінің сілтемелерін қойған.
Мәселен Zara масс-маркетінде қоймада қалып қойған киімдер арзан сатылады деген ақпарат шыққан. Бірақ сілтеме расымен Zara-ның сайтына сәйкес келмейді. H&M масс-маркеті де ескі коллекцияларынан құтылу үшін киімдерді 1050 теңгеге таратып жатыр деген жарнама орналастырылған.
Алаяқтар әртүрлі дүкен атауларын қолданып, бір схемамен арбайды.
Stan.kz тілшісі жағдайға қатысты ішкі істер министрлігіне сұрау жолдап, мұндай жарнамалармен қалай күресетінін анықтады.
Мәлімдеулерінше, алаяқтық онлайн саудада белең алған. Өткен жылы онлайн сауда-саттықтағы алаяқтық бойынша 7,7 мың шағым тіркеліпті.
“Мұндай ресурстар шетелдік техникалық алаңдарда орналасады. Сондықтан оларға қарсы тұрудың ең тиімді шарасы – бұғаттау. Бұл ресурстар еліміздің аумағында орналасқан жағдайда құзыретті органдармен тексеру жүргізіледі. Құқыққа қайшы мазмұндағы түрлі материалды анықтап және оларға уақытылы ден қою, қаржы пирамидалары, түрлі алаяқтардың ресурстарын табу үшін ІІМ бөлімшелері интернет желісіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Заңсыз ресурстар анықталған жағдайда оны бұғаттауға жібереді”, – деп мәлімдеді ІІМ бспасөз қызметі.
Министрлік интернет-алаяқтардың құрбаны болмау үшін Қазақстан азаматтарына тек ресми ақпарат көздерін пайдалануды ұсынды.
Интернетте жұмыс істеу кезінде мынадай сақтық шараларын сақтау қажет:
- SMS, мессенджерлерден немесе электронды поштадан келген күдікті сілтемелерге өтпеу;
- Әртүрлі акцияларға қатысу туралы кез келген ұсыныс келсе, әуелі компаниялардың ресми сайттарындағы ақпаратты тексеру;
- Сайтты Antifraud.kz, КиберЩит.kz арқылы тексеру;
- Тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде деректерді ресми сайттарда көрсетілгендермен салыстыру;
- Күмәнді сайттарға банк карталарының деректерін енгізбеу.
Алайда ІІМ жалған жарнамаларға алданғандардың бар-жоғын айта алмады. Яғни жалған жарнамаларға алданған азаматтардың өтініштері бойынша арнайы статистика жүргізбейтінін хабарлады.