Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

100 жастан асады: Жапондардың ұзақ өмір сүруінің құпиясы айтылды

Жапондар қызыл етті аз тұтынып, балық пен көкөністерді көп жегендіктен Жапонияда семіздік деңгейі төмен

Фото: Getty Images

Жапонияда 100 жастағы және одан асқан адамдардың саны рекордтық деңгейге жетіп, 100 мың адамға жақындаған. Олардың 88%-ы әйелдер. Жапондықтардың ұзақ өмір сүруінің сыры неде? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы неде?

Қыркүйек айында Жапониядағы бір ғасыр жасағандардың саны 99 763 адамға жетіп, қатарынан 55 жыл бойы жаңа рекорд орнатып келеді.

Жапонияның Денсаулық сақтау министрі Такамаро Фукока 87 784 әйел мен 11 979 ер адамды ұзақ өмір сүрулерімен құттықтап, "қоғамның дамуына қосқан көпжылдық үлестері үшін алғыс білдірді".

Жапонияда өмір сүру ұзақтығы әлем бойынша ең жоғары деңгейде, сондықтан мұнда жер шарындағы ең қарт тұрғындардың өмір сүруі таңғаларлық емес (дегенмен кейбір зерттеулер әлемдегі шын мәніндегі ұзақ жасаушылардың саны туралы деректерге күмән келтіреді).

Сонымен қатар Жапония қоғамы ең жылдам қартаюшы елдердің бірі болып саналады. Жапондар көбіне дұрыс тамақтануға мән береді, алайда елдегі туу көрсеткіші әлі де төмен.

Яматокорияма қалашығынан, Нара қаласында тұратын 114 жастағы Шигэко Кагава – Жапониядағы ең қарт әйел. Ал ең қарт ер адам Ивата қаласының тұрғыны – 111 жастағы Киётака Мизуно.

Жапониядаға қарттар күніне орай 15 қыркүйекте ең қарт адамдарға қатысты жаңа деректер жарияланды. Бұл күні ұзақ өмір сүрген қариялар премьер-министрден құттықтау хаттар мен күміс тостағанд сыйлыққа алады. Жапония денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, биыл 52 310 адам құттықтау алған.

Таңғы жаттығу және диета

1960 жылдары Жапония халқы "Үлкен жетілік" елдері арасында 100 жас және одан жоғары адамдар саны бойынша тарихи минимумға жеткен еді, бірақ соңғы бірнеше онжылдықта жағдай айтарлықтай өзгерді.

1963 жылы ел үкіметі қарттарды сауалнамаға шақырған кезде олардың саны небәрі 153 адам болды. 1981 жылы бұл көрсеткіш 1000-ға жетті, ал 1998 жылы 10 мың адамға дейін өсті.

Өмір сүру ұзақтығының жоғары болуы негізінен жүрек аурулары мен әлемде кең таралған қатерлі ісік түрлерінен, атап айтқанда, сүт безі және простата қатерлі ісігінен болатын өлім-жітімнің төмендеуімен түсіндіріледі.

Жапондар қызыл етті аз тұтынып, балық пен көкөністерді көп жегендіктен Жапонияда семіздік деңгейі төмен. Ал семіздік қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауруларын дамытатын негізгі фактор болып саналады.

Әсіресе әйелдер арасында семіздік деңгейінің төмен болуы олардың ер адамдарға қарағанда өмір сүру ұзақтығының жоғары болу себептерінің бірі.

Әлемнің басқа бөлігінде қант пен тұзды тұтыну артқан кезде, Жапония қоғамдық денсаулық сақтау науқаны арқылы адамдарды олардың мөлшерін азайтуға бейімдеген.

Бірақ мәселе тек диетада ғана емес. Жапондар әдетте егде жаста да белсенділігін жоғалтпайды. Олар АҚШ пен Еуропадағы қарттарға қарағанда көп серуендейді және автокөлікке қарағанда қоғамдық көлікті көп пайдаланады.

1928 жылдан бері қоғамдық денсаулық пен бірлік сезімін нығайту мақсатында жасалған Radio Tais күнделікті топтық гимнастикасы Жапон мәдениетінің бір бөлігіне айналды. Үш минуттық жаттығулар теледидардан көрсетіледі және ел бойынша кішкене топтармен орындалады.

Алайда бірнеше зерттеулер әлемдегі қарттардың санының шынайылығына күмән келтірді, өйткені бұл көрсеткіштер деректер қателіктеріне, ресми құжаттардың сенімсіздігіне және туу туралы куәліктердің жоқтығына байланысты артық бағалануы мүмкін дейді мамандар.

Жапонияда есептің дұрыс жүргізілмеуі осыған дейін 2010 жылы тіркелген. Мемлекеттік тексеріс кезінде 100 жас және одан жоғары деп көрсетілген 230 мыңнан адам тек қағаз жүзінде ғана тірі болып шыққан. Кейбіреулері ондаған жыл бұрын қайтыс болған болып шықты. Қате есептеу есеп жүргізудің тұрақсыздығына және кейбір отбасылар қарт туыстарының қайтыс болғанын жасыру арқылы олардың зейнетақысын алу мүмкіндігін пайдалану ықтималдығына байланысты болуы мүмкін екенін айтады мамандар. Бұл ұлттық тергеу Токиодағы ең қарт ер адам, 111 жастағы Соген Котоның қалдықтары оның отбасылық үйінен өлімінен 32 жыл өткен соң табылғаннан кейін басталған. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 22 Қыркүйек, 2025 23:10
Талқылау