"100 теңгеден жиналды": Қос қолынан айырылған Азамат Оразбек халықтың көмегімен баспаналы болды
Азамат Оразбек баспаналы болды. Қос қолынан айырылған азамат отбасымен пәтер жалдап жүргенін айтып, халықтан көмек сұраған еді. Бүгінде қоныс тойын тойлап жатыр.
Бұл туралы “Уақыт көрсетеді” бағдарламасында айтылды.
Азамат Оразбек отбасымен жаңа баспанаға кірді. Халықтың жиған ақшасына зәулім баспана алып, қуанышы көкке сыймады. Көпшілікке алғысын айтып, көз жасына ерік берді.
Азамат Оразбек бала күнінде ойнап жүріп тоққа түскен. Қос қолынан айырылып, мүгедек қатарына жатты. Алайда жігері жасыған жоқ. Отбасын құрды, жұмыс істеді. Әке атанды.
Бос уақытында спортпен шұғылданады. Қоғамдық істерге араласады. Алайда 20 жылдан бері пәтерден пәтерге көшіп жағдайы тұраланбаған. Амалы таусылған соң халықтан көмек сұрап, қолдау күтті.
Көпшілік шамасы келгенше көмек қолын созды. Қаражат аударды.
“120 теңге жіберген адамдар да бар. 10 мың, 50 мың, 100 мың теңге жіберген азаматтар да бар. Бір айдың көлемінде 18 миллион теңге жиналды. Өзімнің жерім бар еді. Соны сатып, ақша қостым. Осылайша үлкен жер үй алдым. Бұл халықтың ақшасы. Халықтың берген көмегі. 100 тиыннан құралды. Кім келсе де есігім ашық. Бұл халықтың үйі. Бәріне рақмет айтамын. Алла разы болсын. Толқып тұрмын”, – дейді Азамат Оразбек.
Азаматтың үйінің көлемі 140 шаршы метр. Ауласы мен асүйі кең.
“Әйелім кең ас бөлмем болса деп армандаушы еді. Сол арманы орындалды. Бәріміздің арманымыз орындалды. Басымызда баспанамыз бар. Бұлай болады деп ойлаған да емеспін”, – деді ағынан жарыла.
"Мен бәрінен шаршап кеттім": Қос қолынан айырылған Азамат Оразбек көз жасына ерік берді

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
