Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"300 мың теңге берсең жібереміз деді": Қазақстандық өзін қорғаныс қызметкерлерінің қалай күшпен әскерге алып кеткенін айтып берді

Әлеуметтік желілерде жігіттерді әскерге күштеп алып кетіп бара жатқан сәт түсіп қалған видеолар тарап жүр. Тіпті қазір денсаулығы жарайтын-жарамайтынына мүлдем қарамайтын көрінеді. Егер жолда әскери комиссариаттан адам келіп қалса, одан құтылу қиын дейді жігіттер. Stan.kz сайтына өздерін әскерге күштеп алып кеткен жігіттер оқиғаларын айтып берді.

Фото: Қорғаныс министрлігінің ресми сайты

"Дәрігердің жарамсыз деген қағазына мөр қоймады, бәрібір алып кетеміз деді"

Серікті 2023 жылы жазда әскерге күштеп алып кете жаздаған. Өзінің айтуынша, әскери форма кимеген екі адам келіп, әскери комиссариатқа апарған. Қолы ауыруына байланысты жарамаймын десе де, қоймай көндіруге тырысқан.

"Қаланың сыртындағы үйіме бара жатқанда менімен біреу амандасты. Мән берген жоқпын. Бір кезде корачкасын шығарып, әскери комиссариаттан келіп тұрғанын айтты. Олар формада болған жоқ. Форма кимей мені алып кетуге құқығы жоқ екенін кейін білдім. Құжатын көрсеткен соң мен жарайды деп, ЖСН номерімді айттым. Ол кезде магистратура оқып жатпаған едім. "Онда сен әскерге баруың керек" деп мені военкоматқа алып кетті. Бірақ мен қолым ауыратынын, әр үш ай сайын дәрігерге қаралып жүргенімді айттым. Қағаздарын да көрсеттім. Бірақ сонда да "қазір барасың, сол қағазыңды көрсетесің де кетесің" деп алдап-cулап алып кетті", – дейді Серік.

Серік комиссариаттың табалдырығын аттаған соң әңгіме мүлдем басқаша өрбігенін айтты. Біраз әңгімелесіп, қолына қарамай әскерге жібермек болған. Тек жігіттің үйінен үлкен кісі келгенде ғана босатқан. Қазір Серік магистратурада оқып жүр.

"Ғимаратқа кіргенде әрине олай жылы сөйлеген жоқ, "неге көшеде өзінше боп тұрсың" деп бастады. Біраздан кейін үйден адам келді, ол менің денсаулығыма байланысты бара алмайтынымды түсіндіріп айтты. Үйден үлкен кісі келгенде ғана сәл бірқалыпты сөйлесе бастады. Әйтпесе оған дейінгі атмосфера жақсы болмады. Кейін мені медициналық тексеруден өтесің деген шартпен жіберді. Соңында өздеріне ішетін сусындарын алдырды. Өздері айтқандай бір аптадан кейін барғанда хирург қолымды көріп, әскерге жарамайсың деді. Барлық жерге барып, мөр бастырып келгенде военкоматтағы майор мөр қоймай қойды. Әскерге жарамайды деген қағазды жіберу үшін осы кісінің ғана мөрі жетпей тұрды. Ол "сен әскерге жарайсың, мен сені бәрібір әскерге жіберемін" деді. Соңында ол мені қыркүйекке дейін босатты, бірақ жарамсыз деген қағаз бермеді. Ал күзде мен магистратураға оқуға түсіп кеттім. Әкем оқып жатқаным туралы қағазды комиссариатқа үш рет апарды, үшіншісінде ғана мені мазаламайтын болды. Оған дейін маған "әскерге барғың келмей ме?" деп хабарласып жүрді, тіпті үйге іздеп барған", – дейді жігіт.

Серік қазір IT саласында жұмыс істейді. Ол егер осы мамандық бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік болса, әскерге уақытша барғысы-ақ келеді.

"Президенттің IT мамандар әскери борышын 42 күн әскери-техникалық оқу орнында өтей алады дегенін естіп қалдым. Осындай мүмкіндік болса, әрине, баруға болады. Әйтпесе басқа кезде 1 жыл уақытымды жұмсағым келмейді. Мен әскерге барсам, мамандығымды игеруге жұмсайтын уақытымды бос құртатын сияқтымын. Ал дәл қазіргі жағдаймен барғым келмейді. Қанша дұрыс емес болса да, ұрып-cоғуға төзесің, ол жағынан әңгіме жоқ. Осы бір жылда мен керісінше деградацияға ұшырайтын сияқтымын. Әскер қазір пайдаға жарайтындай ештеңе алып келмейтіндей", – деп ойын айтты Серік.

“100 мың теңге берсең, жібереміз” деді

Ал Талғатты көшеден ұстап, әскерге күшпен алып кеткен. Әскери комиссариатта одан ақша сұрағандар болыпты. Көліктегілер 100 мың теңге берсең, жібереміз десе, комиссариаттағылар 300 мың сұраған. Алғашында Талғат аяқасты 100 мыңды тауып бере алмаған. Бірақ кейін достарынан тауып, 300 мыңды алдырған. Бірақ бұл оған көмектеспеді. Талғат қазір әскерде борышын өтеп жатыр.

"Алматыдан Шымкентке бардым. Таңертең жер асты өткелімен кетіп бара жатқанда алдымнан формадағы адам шықты. "Бауырым, военкоматтан кеп тұрмын, сен әскерге барғансың ба?" деді. Мен "иә, барғам, әскери борышымды өтегенмін" дедім. Ол қай жерде өтегенімді сұрады. Мен әскерде болмағасын, қай өңірде, қай бөлімде болғанымды айта алмай қалдым. Сол жерде 15-20 шақты адам тұрды және қасында әскерге алып кететін көлігі де болды. Мен бірден "Үйдегілер ажырасқан, анама қарауым керек" деп жағдайымды айта бастадым. Олар оған мән берген жоқ, бәрібір барасың деді. Темекімді алып шеге бастасам, оны сындырып алып қоя берді. Сонымен бәрі мені күштеп, көлікке салып, алып кетті. Көлікте екі жағыма екі адам отырып алды, терезеден ештеңе көрінбейді. Көп адамды осылай алып кетіп жатты", – деп бастады әңгімесін Талғат.

Комиссариатқа барғанда жігіттің жеке заттарын алып қойған. Смартфоны, құжаты болмағасын, Талғат үйдегілерге де хабарласа алмапты.

"Әкетіп бара жатқанда "қазір 100 мың теңгең болса, жібереміз" деп ұсыныс айтты. Ал менің ондай ақшам болған жоқ. Әскери комиссариатқа барғанда медицина тексеруінен өтесің, сосын жібереміз деді. Ал оның алдында сөмкемді, смартфонымды алып қойды. Кейін оны берген жоқ, байланыссыз қалдым. Құжаттарымызды себепсіз жинап алды. Сонымен не керек, сол жерде бүкіл қағазымызды өздері дайындап, бізді шығарған жоқ. Телефоным болмағасын, үйдегілерге мені әскерге алып бара жатқанын айтып үлгермедім", – дейді жігіт.

Дегенмен Талғат әскерге күшпен алып кетудің алдын алғысы келген. Жақындарымен байланысатын телефон да, қызметкерлерге беретін ақшаны да тапқан. Бірақ соңында оқиға басқаша өрбіді.

"Түнге қарай сол жердегі кезекшілерден телефон таптым. Үйдегілерге хабарладым. Сол жерде кезекші "300 мың берсең, ертең кешке осы жерден шыға аласың" деді. Біз солай келістік. Мен достарыма хабарласып, сол ақшаны қолма-қол алдырдым, келіскен кісі достарымнан өзі барып алды. Қолма-қол бересің деп өзі айтты. Кешке дейін күттім, жібермеді, таңертең қайтасың деді. Ал таңертең жібермеді. Сосын "демек әскерге баруым керек" дедім, маған ақшаны қайтарып берді. Жалпы сенің денсаулығың жарай ма, жарамай ма аса қызық емес. Тіпті көзі көрмейтін жігіттерді денсаулығы жақсы, жарамды деп әскерге аттандырды. Заттарыңды, телефоныңды бірден алып алады", – деді қазір әскерде борышын өтеп жүрген Талғат.

Еске салайық, қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов әскерге шақырылған жігіттерді күштеп алып кету оқиғаларына қатысты пікір білдірді.

"Бұл мақсаттар атқарушы билік органдарына түсетінінен бастайық. Екіншіден, әскери комиссариатқа уақытында келмегендерді ішкі істер органдарының қызметкерлері іздейді. Конституция бар, заң бар. Жолдастар, міндетті орындайық та", – деп жауап берді Жақсылықов.

Талқылау