"100 мың теңге айыппұлмен құтылады": Қаржы мониторингі агенттігі онлайн-казиноларды жарнамалаған блогерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды
Фото: istockphoto.com
Қаржы мониторингі агенттігі әлеуметтік желілердегі онлайн-казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттік өкілінің айтуынша, блогерлер тыйым салынған сайттарды жарнамалауды жалғастырып, осы арқылы миллиондаған табыс тауып, жастар арасындағы лудоманияны қоздыруда.
“Бір жағдай болды: Қарапайым есімді блогер онлайн-казиноны жарнамалаудан шамамен 15 миллион теңге табыс тауып, табысының жартысын сол жерде ұтылып қалған. Басқа мысалдар да бар: блогер Никонет шамамен 8 миллион теңге тапқан. Тіпті жарнамалаған қыздар да болды, бір жарнама үшін шамамен 400 мың теңгеден алған. Ал айыппұл шамамен 100 мың теңге ғана, егер кінәні мойындасаң, тағы 50% жеңілдік беріледі”, – дейді қаржы мониторингі агенттігінің алдын алу және аналитикалық зерттеулер департаментінің басшысы Медет Несіпбек.
Агенттік өкілінің айтуынша, әкімшілік шаралар ешқандай әсер бермейді. Блогерлер заң бұзуды жалғастырып, айыппұлмен құтылып кетеді.
“Мысал көп: рэп орындаушысы Баллер (Шыңғысхан Көпбаев) осы жылы ғана онлайн-казиноны жарнамалағаны үшін бес рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Танымал блогер Әлихан Байзақ та әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осындай оқиғалар көп”, – деді агенттік өкілі.
Арасында Nikonet, Baller, Қайсар Қамза бар: Құмар ойынды жарнамалаған 34 блогердің есімі жарияланды
ҚМА жазаны күшейтіп, қылмыстық жауапкершілікті енгізуді ұсынады. Әкімшілік айыппұлдар да сақталады, бірақ олар пропорционалды болуы керек: блогер жарнама арқылы алған табысынан толық айырылуы тиіс.
"Егер қазір жарнама арқылы 2 миллион теңге тауып, тек 100–200 мың теңге айыппұлмен шектелсе, жаңа жүйе бойынша барлық табыс мемлекетке қайтарылуы тиіс. Біз өз ұсыныстарымызды әділет министрлігіне жолдадық. Заң шығару өте ұзақ жұмыс, бірақ біз алғашқы қадамды жасадық», – деді ҚМА өкілі
Медет Несіпбек қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін қосымша жағдайлар туралы да айтты. Оның сөзінше, талаптардың бірі ретінде табыс шегі қарастырылатын болады.
"Егер блогер қылмыстық заңнамада қарастырылған мөлшерден, мысалы 20 миллион теңгеден астам табыс тапса, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, мысалы, белгілі бір азамат шартты түрде 10 миллион теңге ұтылды делік, блогердің шақыруымен барып ойнаған жағдайда келтірілген зиян да есепке алынады. Ол арыз жазып, зиян шеккенін айтып, блогерді жауапқа тартуды сұраса, осы жағдайда да қылмыстық жауапкершілік мәселесі қарастырылады”, – деп түсіндірді ол.
Үшінші жағдай – өлімге, өз-өзіне қол жұмсауға әкелген жағдайлар. Мұндай жағдайларда да қылмыстық жауапкершілікті қарастыру ұсынылған. Агенттік тек қатаң шаралар ғана интернеттегі онлайн-казино жарнамасының ағынын тоқтата алатынына сенімді.
Еске салсақ, бұған дейін депутат онлайн казиноларды жарнамалайтын блогерлерге жазаны күшейтуді ұсынған еді.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
