10 жыл бұрын Бишімбаев болашағынан үміт күттіретін ең үздік шенеунік болған: Өздеріне үлкен сенім артылған мемлекеттік қызметкерлер кімдер және олардың қазіргі күйі қалай
Бір кездері ұлттық экономика министрі болған Қуандық Бишімбаев Қазақстандағы болашағынан үміт күттіретін ең үздік шенеунік болған. Ал қазір, араға 10 жыл салып ол әйелін ұрып өлтірді деген айыппен сотталып жатыр. Осы ретте Stan.kz ақпарат агенттігі өздеріне үлкен үміт артылған мемлекеттік қызметкерлер мен олардың қазіргі жағдайын шолып шықты. Кішігірім спойлер: Олардың біразы билікті күшпен басып алу және жемқорлық секілді айыптармен сотталған.
2013 жылы Власть басылымы Қазақстандағы ең жас және болашағынан үміт күттіретін 20 шенеуніктің тізімін жасаған. Сараптамалық сауалнама негізінде жасалған рейтингте Қуандық Бишімбаевпен қатар Самат Әбіштің, Дәурен Абаевтың, Алтай Күлгіновтің және Марат Бекетаевтың есімдері аталады. Бұл кезде олардың барлығы 30 бен 35 жас аралығында болған. Арада 10 жыл уақыт өткен соң бұл азаматтардың біразының қызметі өзгерді. Арасында сотталғандары мен сотталып жатқандары бар. Тағы бір атап өтерлігі, өздеріне артылған сенімді сақтап қалған шенеуніктер де жоқ емес.
Елбасының сенімінен түрмеге дейін. Қуандық Бишімбаев
Тізімді бастайтын шенеунік әлбетте – Қуандық Бишімбаев. Ол 1980 жылы 11 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарып, болашағынан үміт күттіретін ең үздік шенеунік атанған кезде ол 33 жаста болатын. Ал кейін 36 жасында экономика министрі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2016 жылғы мамырдың 6-сынан желтоқсанның 28-іне дейін алты айдан аса атқарды.
2016 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Қуандық Уәлиханұлы Бишімбаев Қазақстан Республикасының экономика министрі қызметінен босатылады. Бұл шешімге оның үстінен қозғалған қылмыстық іс себеп болады. Бишімбаевтың үстінен іс қозғалып жатқанын ең алғаш Назарбаевтың өзі айтқан. 30 желтоқсанда Назарбаев Бишімбаевтың үстінен тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын хабарлап, осы мәселелерге қатысты қызметінен босатылғанын жеткізген. 2018 жылы 8 қаңтарда Бишімбаев сот процесі кезінде Назарбаевтан “сенімін ақтай алмағаны үшін” кешірім сұраған.
Бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған Бишімбаев 2019 жылы босап шыққан. Оның босап шығуына “президенттен кешірім беруді сұрап өтініш жазуы” үлкен септігін тигізген. Осылайша экс-министр түрмеде бар болғаны екі жарым жыл ғана отырады.
2023 жылдың 9 қарашасында Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны туралы белгілі болды. Оның үстінен қазір әйелін азаптап өлтірді деген айыппен іс қозғалған. Астанада экс-шенеуніктің соты әлі жалғасып жатыр. Сотта ол өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын айтқан. Қазір қоғам оның сотын қалт жібермей бақылап отыр. Ал оның өз әйелін соққыға жығу оқиғасы еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін үдетіп жіберді. Қоғам ішінде Бишімбаевты өмір бойына соттау қажет дейтін пікірлер де айтылады.
Осылайша бір кездері болашағынан үлкен үміт күттірген экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың сәтті карьерасының соңының барлығы түрмемен аяқталатындай.
Қаңтар. Самат Әбіш
Болашағынан үміт күттірген тағы бір азамат – экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш. 34 жасында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасы қызметін атқарған оған да артылған сенім аз болмаған. Ол Алматы облысында туылған. ҰҚК академиясын және Ресейдегі сыртқы барлау қызметінің академиясын бітірген.
2022 жылдың алғашқы айында болған Қаңтар оқиғаларынан кейін тұңғыш президент Назарбаевтың туыстарының үстінен қылмыстық істер қозғала бастады. Бұл қатарда Самат Әбіш те болды. Қаңтар оқиғалары кезінде Әбіш ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты.
Астана соты биыл 26 ақпанда бұрынғы президенттің немере-інісін "Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды" деген айыппен 8 жылға шартты жазаға соттаған. Сот түсіндірмесінде "сотталушының жас балаларының барын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, шартты жаза берілгені” айтылады. Сондай-ақ Әбіштің 10 жылға лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынғаны, мүлкі тәркіленгені жайлы айтылған.
Ресми мәліметтер бойынша, Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Ол тұста ҰҚК басқарған басшылардың дені қамауға алынды. Алайда ол кезде Әбішке ешқандай айып тағылған жоқ.
Билікті күшпен басып алу. Дәулет Ерғожин
Фото: Inform.kz
Алматының тумасы Дәулет Ерғожин 2013 жылы президент әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болған тұсында болашағынан үлкен күттірген қызметкерлердің бірі болған. Алайда 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Мәсімовтің (Кәрім Мәсімов – ред.) оң қолы саналатын ол билікті күшпен басып алу және билікті асыра пайдаланғаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ерғожин 2016 жылғы қарашадан Қаңтарға дейін ҰҚК төрағасының орынбасары болған. Оған дейін қауіпсіздік я құқық қорғау саласында Ерғожинның ешқандай жұмыс тәжірибесі болмаған. Тағы бір атап өтерлігі, ол бұл қызметке Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағалығына тағайындалған соң екі айдан кейін келген.
Мемлекеттік құпияны жария ету. Бағлан Майлыбаев
Жамбыл облысының тумасы Бағлан Майлыбаев 2013 жылы президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарған тұста 38 жаста болған. Осы сәтте ол да болашағынан үміт күттіретін шенеуніктердің қатарында болды. Алайда 2017 жылы Майлыбаев "қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды" және "мемлекеттік құпияларды заңсыз жинады, таратты, жария етті" деп айыпталып, бес жылға сотталды.
2020 жылы Майлыбаев түрмеден босап шықты. Ол 1 жыл, 4 ай, 21 күн түрме жазасы қалған кезде босап шыққан. 2017 жылы сот түрме жазасымен бірге Майлыбаевқа дүние-мүлкін тәркілеп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыруға да үкім еткен. Майлыбаев президент әкімшілігінде идеология және ішкі саясат мәселелеріне жауапты болған.
Қазір Бағлан Майлыбаевтың немен айналысып жүргені белгісіз. Бірақ оның өзіне артылған үлкен үмітті ақтай алмағаны анық.
Жемқорлық. Марат Бекетаев
2013 жылы әділет министрлігінің жауапты хатшысы болған Марат Бекетаев үміт артылған шенеуніктер тізімінде алғашқы үштіктің ішінде болған. Шымкенттің тумасы бұл қызметті атқарған тұста 35 жаста еді. Қазақ мемлекеттік заң институтын және Лондондағы (Ұлыбритания) экономика және саясаттану мектебін бітірген оған мұндай сенімнің артылуы да заңды еді.
Алайда 2023 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Марат Бекетаевтың ұсталғанын хабарлады. Ол Қазақстаннан қашып кетпек болған жерінен қолға түскен. Тергеу органдарының болжамынша, күдікті "қызметтерді көрсетуге келісімшарттар жасау арқылы үлестес компанияның мүдделерін қолдап", сол арқылы "мемлекетке үлкен зиян келтірген". Қазір ол уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.
46 жастағы Бекетаев 2016-2022 жылдары әділет министрі болған. Бір қызығы, ол да Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылған.
Талдыкөл. Алтай Көлгінов
Бұл тізімдегі шенеуніктердің барлығы сотталды деуге келмейді. Ендігі кезекте әлі де билікте қызмет етіп жүргендер жайлы тоқталайық. 35 жасында Орал қаласының әкімі болған Алтай Көлгіновтің болашағынан үлкен үміт күттіруі де орын еді. Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген.
Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Абердин университетін бітірген.
Оралдағы қызметінен кейін ол 2016 жылдың наурызынан 2019 жылдың маусымы аралығында Батыс Қазақстан облысының әкімі болды. 2019 жылдың 13 маусымынан бастап 2022 жылдың 8 желтоқсанына дейін Астана қаласының әкімі болды.
Көлгіновтің басқалаға әкім болып келуі Қазақстанда билік транзиті басталған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Ол әкім қызметінен кетсе де, артына өз атымен қатар аталатын мәселе қалдырып кетті. Ол – Талдыкөл мәселесі. Талдыкөлге қатысты экологиялық дау тіпті халықаралық ауқымға жетті. Көлдің орнына құрылыс басталатыны туралы белгілі болғанда экологтар мен қоса қоғам белсенділері әкімнің әрекетін сынап, оған қарсы шықты. Көлгіновтің өзі 2020 жылы 9 желтоқсанда өткен брифингте “ешкім көлге тиіспейді” дегенімен Талдыкөлді көму аяғына жеткізілді.
Қоғамның қатаң сынына қарамастан, Көлгінов 2022 жылдың соңына дейін әкім болды. 8 желтоқсанда оның орнына Жеңіс Қасымбек келді. Әкімдіктен кеткен соң ол премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды.
Ал 2024 жылдың 27 наурызында Алтай Көлгінов Қазақстанның Эстониядағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды. Әзірге биліктегі мансабы осылай өрбіген Көлгіновтің өзіне артылған үмітті ақтады ма, жоқ па деген сауалға өзіңіз жауап беріп көріңіз.
Үңгірдегі ұлтшылдық. Дәурен Абаев
2013 жылы президенттің баспасөз хатшысы болған Дәурен Абаев та бір кездері болашағынан үміт күттіретін шенеуніктердің тізімінде болған. Ол 2001 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап Қазақстан сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан президенті әкімшілігінде жұмыс істеген.
2011-2016 жылдары Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы, кеңесшісі қызметін атқарған.
Дәурен Абаев 2021 жылы "Үңгірдегі ұлтшылдық" деген сөзімен де жұртшылық назарын аударған. Ерікті "тіл патрульдерінің" әрекеттерін сол кезде Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып жүрген Дәурен Абаев айыптай сөйлеп, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен дүкен сатушыларынан қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен әрекетті "үңгірдегі ұлтшылдық" деп бағалаған. Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдығы" әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын туғызды.
2022 жылы маусымда мәдениет және спорт министрі болған Дәурен Абаев 2023 жылы Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Абаев қазіргі кезде де осы қызметінде.
Серік Шәпкенов
2013 жылы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серік Шәпкенов ол уақытта 33 жаста болған. Ол 1979 жылы 29 шілдеде Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауылында туған. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін "экономист-математик" мамандығы бойынша бітірген.
44 жастағы Серік Шәпкенов 2021 жылдың қаңтарынан бері еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған. Оған дейін 2020 жылдың маусымынан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болды. Оның алдында шамамен екі жыл Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Атырау облысының әкімі лауазымына 2022 жылы тағайындалды. Бұл қызметті әлі күнге дейін атқарып келеді.
Қазір Қазақстаның біраз облыстарын тасқын су басып қалды. Оның ішінде Атырау облысы да бар. Облыстың Жылыой ауданы мен Құлсары қаласы судың астында қалып, аймақта төтенше жағдай жарияланып, тұрғындар эвакуацияланды. Серік Шәпкеновтің өзіне артылған сенімі сыналатын тұс та осы сәт секілді.
Астанадағы бес баланың өлімі. Мадина Әбілқасымова
2013 жылы экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі болған тұсында Мадина Әбілқасымоваға да үлкен сенім артылған. Әбілқасымова 1978 жылы 1 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген.
1999 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын "халықаралық экономикалық қатынастар" мамандығы, 2003 жылы Колумбия университетінің магистратурасын "экономикалық саясатты басқару" мамандығы бойынша, ал 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін (мемлекеттік басқару магистрі) тәмамдаған.
Әбілқасымова 2016 жылы Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.
2019 жылы 4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Жеке үйден шыққан жойқын өрт көпбалалы ата-ананы бес бірдей баласынан айырған еді. Белгілі болғандай, бес қыздың әке-шешесі түнгі уақытта жұмыста болған. Аналар сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін де талап еткен.
Қазір Мәдина Әбілқасымова қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы қызметін атқарады.
Қаныш Тілеушин
29 жасында "Бәйтерек" холдингінің басқарма мүшесі болған Қаныш Тілеушин де болашағынан үміт күттіретін шенеуніктердің қатарында. Ол қазір цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі қызметін атқарады.
1983 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Оксфорд Брукс университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2003 жылы коммерциялық құрылымдарда бастаған. 2018 жылдан қазіргі қызметіне дейін коммерциялық құрылымдарда жұмыс істеген.