"22 жастағы жігіт жыл бойы үй салғызған": Жамбыл облысында 15 жастағы оқушының өліміне қатысты үш адам қамауға алынды
Фото: iStock
Жамбыл облысында 15 жастағы жасөспірімнің қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Прокурорлар "өз-өзін өлтіруге жеткізу" бабы бойынша басты күдіктіге және оның кәмелет жасқа толмаған екі сыбайласына айып тақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы жағдай биыл сәуір айында Жамбыл ауданының Тастөбе ауылында болған. Алғашында полиция мен мектеп әкімшілігі істі "ғашықтық драма", "қоштасу хаты" және "ішімдікке әуес әке" деген себептермен жабуға тырысқан.
Алайда көршілес аудандарда суицидтің көбеюіне байланысты прокурорлар тергеуді тереңдетіп жүргізіп, ауылда әлімжеттік барын анықтады.
Тергеу деректеріне сәйкес ауылдағы 22 жастағы Ш.А. жасөспірімдерге қысым көрсетіп, оларға түрлі тапсырмалар жүктеген. 11-сынып оқушылары 8-10 сыныптағы балаларды жинап, "Ш.А.-ға көмектесеміз" деп алдап, бір жылдан астам уақыт бойы ауылдасына үй салғызған. Жасөспірімдер күн сайын кешкі сағат 20:00-ден түнгі 02:00-ге дейін жұмыс істеп келген. Жиналыстарға қатыспағандар соққыға жығылған.
Балалардың айтуынша, бұл жағдайдан ауыл мектебінің басшылығы да, учаскелік полиция да хабардар болған. Бірақ тиісті шара қолданылмаған. Ал Ш.А.-ның анасы жергілікті мектепте жұмыс істеп, балаларға "дауыс көтермеңдер, ешкім естімесін" деп қатаң ескертіп отырған.
Басылым мәліметінше, нақты жауапкершілікке тек мектеп психологы тартылған, ол қызметінен босатылды. Полиция қызметкерлері сөгіспен және ротациямен шектелсе, мектеп директоры мен орынбасары уақытша жұмыстан шеттетіліп, жаңа оқу жылында қызметіне оралған.
Қыркүйекте іс сотқа жолданды. Қазір 22 жастағы Ш.А., сондай-ақ 11-сынып оқушысы (17 жаста) мен 10-сынып оқушысы (16 жаста) қамауда отыр.
Түркістан облысында қалыңдығымен кездесуге барған жігітті қатыгездікпен өлтірген 4 адам сотталды
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысының Шу ауданында футболдан кейінгі жанжал қайғылы оқиғаға ұласты. Көкқайнар ауылында 10 және 11-сынып оқушылары арасында шыққан төбелесте 10-сыныптың оқушысы қатарластарының соққысынан көз жұмғаны айтылады. Дәрігерлер келген сәтте жасөспірім алған жарақатынан қайтыс болған. Полиция 16 және 17 жастағы екі күдіктіні ұстады, қазір тергеу жүріп жатыр.

"443 мың теңге айыппұл”: Қазақстандықтар екі-үш жерде 12 сағаттан көп жұмыс істесе қандай жауапкершілікке тартылады
