"1 стаканға су құйып, суретке түсіріп жібер": Қазақстанда адам суретіне қарап емдейтін онлайн емшілер көбейген
Қазір телефонның арғы жағында отырып-ақ шыққан қолды салатын, дертіңе дауа тауып беретіндер көп. Тіпті онлайн адам емдейтін емшілердің дәурені жүріп тұр екен. Адамның суретіне қарап, "ауруыңды жазамын" дегендерге сенуге бола ма? Мамандар түсіндірді.
Видеодан скриншот
Астана арнасының тілшісі әлеуметтік желіде қашықтан қабылдаймын деген жарнамасын оқып, бір емшіге хабарласқан екен.
Сөзінше, одан онлайн емші суреті мен алдын ала төлем жасауды сұраған. Сурет жіберіліп, ақша төленген соң "иығым маза бермей ауырып жүр" деп шағымданған.
“Сіздің жауырыныңыз жабысқан. Қатты жабысқан. Жауырыныңызды ашу керек. Қазір маған 1 стаканға су құйып, суретке түсіріп жіберіңіз ватсапқа. Мен сізге сол суды оқып беремін. Соған тұз араластырып жауырыныңызға жағасыз”, – депті онлайн емші.
“Жасыратыны жоқ, жауырыныңды онлайн ашып беремін дегенде біраз таңданып қалдым. Қызық мұнымен бітпеді. Беттің арын белге байлаған әйел енді денсаулығың мазаламайтындай етіп оқып беремін деп уәде берді. Тек өзі айтқан "ставкасын" берсем болғаны”, – дейді тілші.
- "Көзімді байлап, сиқырлап алды": Заңғар Нұртас алаяқтарға қомақты қаржыны қалай ұстатқанын айтты
- 4,5 миллион теңгеге "дуаның бетін қайтарған": Шымкентте өзін көріпкелмін деген әйел тұрғындарды алдап соққан
Емдеу құны үшін емші 10 мың теңге сұрапты. 2-3 күнде емдеп шығамын деген екен.
Ашылмай жүрген бағыңызды бірер минут iшiнде "ашып", жоғыңызды "тауып", ауырған басыңызды "жазып", болашағыңызды болжайтындардан дін өкілдері аулақ болуға шақырады.
“Онлайн түрде де осындай бір әртүрлі, шариғатымызға, ислам дініне қарсы келетін жолдармен ақша тауып, адамдарды алдап, арбап, тіпті осы арқылы дінге де қарсы шығып кеткен кісілерді қоғамда көріп жатамыз. Сондықтан , әлбетте, мұндай нәрселерге дініміз қарсы”, – дейді “Әлжан ана” мешітінің наиб имамы Азамат Ақтанов.
Ал психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтты. Сондай-ақ маман ем іздеп тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыдан сауатсыз екенін көрсетеді дейді.
“Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни, қандай да бір бақсы оған "мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін" деп үміт сыйлайтын болса ол адам тез манипуляцияға ұшырап, оның айтқанының барлығын істеуге көндігеді”, – дейді психотерапевт Лаура Жексембаева.
Ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Ал дәл осылай көпті алдайтын көріпкелдерге құрық салатын заң әзірге біздің елде болмай тұр.