1 сағатта 500 тақия: Қазақстандық қолөнершілер жаңа рекорд орнатты
Қазақстандық шеберлер небәрі бір сағат ішінде 500 дәстүрлі тақия тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мәліметтерге сенсек, әр өңірден келген 100 қолөнер шебері қатысқан бұл перформанста ең жас ісмер небәрі 9 жаста болды.
Бұл тігін саласындағы алғашқы рекорд емес. Өткен жылдың қыркүйегінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында 450 шебер 11 мың шаршы метрден асатын құрақ көрпе тігіп, әлемдік рекорд орнатқан еді.
Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуаныш Құдайбергенов бұл жетістіктің маңыздылығын атап өтті.
"500 тақия тігу – үлкен көрсеткіш. Бірақ басты қиындық – шектеулі уақыт. Қолөнершілер тек жылдамдықты ғана емес, тігіннің барлық техникалық талаптарын да сақтауы керек болды. Бұл коммерциялық емес, әлеуметтік жоба. Сондықтан біз мұндай бастамаларды әрдайым қолдаймыз", – деді Қуаныш Құдайбергенов.
Рекорд елордадағы "Конгресс-орталықта" орнатылды. Сонымен қатар шара аясында ұлттық сән көрсетілімі, этникалық әшекейлер, киімдер мен суреттер көрмесі ұйымдастырылды.
Еске салайық, бұған дейін Астана тұрғыны салқын суда отыру бойынша рекорд жаңартты. 1 сағат 20 минут бойы даладағы салқын суда отырған 45 жастағы Қайырбек Аяшев желідегілерді таңғалдырды.