Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 млрд теңге қаражат керек: Мәжіліс депутаттары Арал ауданында ахуалмен танысуға келді

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Қызылорда облысы Арал ауданына іс-сапармен келді. Халық қалаулылары теңізді өлкедегі қуаңшылық мәселесін шешудің жолын тауып, шаруа қожалықтарына көмек беру жолдарын қарастыратын болады. Қазір Балайым Кесебаева, Геннадий Шиповских, Бақытбек Смағұл және Ғалым Әмреев сынды депутаттар қара халықпен кездесіп жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

шөп

Қазір Арал ауданындағы ахуал күрделеніп тұр. Көктемнің басында ауданды қуаңшылық жайлап, қарапайым халық ірі қарасынан айырылды. Жауын-шашынның аз болуынан шөп шықпай, малдың азығы болмай қалды. 559 бас мал бір сәтте қырылып қалды. Ветеринар мамандар төрт-түліктің өлуінің бірнеше себебін айтқан болатын. Сараптама үшін мал өлекселері мен жақын маңдағы су айдындарынан сынамалар алынып, зерттелген еді. 

"Төрт-түліктің жаппай қырылуының себебі – қуаңшылық. Жайылымнан түк таппаған жануарлар аштықтан өлген. Сараптама қорытындысы осындай. Сынамалардан ешқандай вирустың жоқтығы анықталды. Мал өлекселері санитарлық талаптарға сай жойылып, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында. Тиісті шаралар қолға алынып жатыр", – деп мәлімдеді Қызылорда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

Бүгінгі күні Арал ауданында мал өлімі тоқтатаған. Алайда жағдай уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Шаруалар малдарын көрші облыстарға арзан бағада сатып жатыр. Себебі өңірде төрт-түлікке қажетті жем-шөп қоры жеткіліксіз. Жығылғанға жұдырық болғандай, алып-сатарлар мал азығының құнын шарықтатып жіберген. 

"Биыл жағдай өте қиын болып тұр. Көрші Ақтөбе облысы мен аудандардан келетін мал азығының бағасы өте қымбат. Қуаңшылық жағамыздан алып жатыр. Мұндай жағдай соңғы 10-15 жылда болмаған еді. Солтүстік аудан болған соң, жауын-шашын көп болатын. Биыл қар да, жаңбыр да аз болды. Қазір қысқы уақытқа біртіңдеп қам жасап жатырмыз", – дейді Арал ауданының тұрғыны Қайрат Асан. 

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары қазір Арал ауданында жүр. Қуаңшылықтың зардабын көріп жатқан қарапайым халықпен жүздесіп, мәселелерді шешудің жолдары қарастырылып жатыр. Белгілі болғандай, 12 шілде күні – Арал ауданында төтенше жағдай жарияланатын болады. 

"Барлық шараларға қажетті қаржының есебі жасалды. Қаржының көлемі 1 млрд теңгені құрайды, аудан 11,5 млн теңгем бар, қалғанын облыс пен республикадан аламыз дейді. Сол қаржыны республикадан алуға аудан әкімі көмек берсеңіздер дейді. Тез арада шешуге жұмыс жасаймыз", – деп жазды депутат Ғалым Әмреев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Аралдық шенеуніктер бөлінген қаражатқа каналдарды тазартып, шағлай елдімекендерге аяқ су мен ауыз суды жеткізуді қолға алуды мақсат етіп отыр. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 07 Шілде, 2021 15:25
Талқылау