Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 доллар 540 теңге: Ұлттық банк Қазақстан бюджетіне енгізілген валюта бағамын түсіндірді

долларФото: freepik.com

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев алдағы жылдарға арналған бюджетке неліктен 1 АҚШ долларына 540 теңге бағамы енгізілгенін түсіндірді.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, "2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында көрсетілген 540 теңге бағамы – бұл тек индикативті көрсеткіш, яғни болжамдық мән ғана.

"Бюджетті жоспарлау барысында қойылатын барлық көрсеткіштер – индикативті. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі қандай да бір бағдар ұстануы керек. Олар қандай да бір болжамды бағамсыз бюджетті есептей алмайды. Сондықтан бұл бағам – тек шамамен алынған көрсеткіш. Ол ешқандай мақсатты немесе міндетті деңгей емес", – деді Ерұлан Жамаубаев Сенат кулуарында.

Оның айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктің негізгі мақсаты – инфляцияны төмендету, ал валюта бағамы – тек бюджетті болжау үшін қолданылатын көрсеткіш.

Еске салайық, 1 қазанда Қазақстанда доллардың ресми бағамы 549,06 теңгеге жетіп, тарихи рекорд орнатқан болатын.

Бұған дейін сарапшылар теңгенің әлсіреу себептерін түсіндірген еді. Негізгі себептердің қатарында мұнай бағасының төмендеуі мен қыркүйек айының соңында шетел валютасына деген сұраныстың артуы аталды. Бұл кезде компаниялар импорт пен сыртқы қарыздарын өтеу үшін доллар сатып алған.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжіліс кулуарында 2026 жылы доллар бағамы қанша болатынын айтқан болатын.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 23 Қазан, 2025 18:34
Талқылау