Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жалынып сұрасам да кесарь тілігін жасамады”: Қазақстандық әйел құрсағындағы сәбиінің шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлайды

Фото: Stan.kz 

Түркістан облысының тұрғыны құрсағындағы сәбиінің шетінеп кеткеніне дәрігерлерді кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

38 жастағы көпбалалы ана ай-күні жетіп, перзентханаға өз аяғымен барған. Алайда әйелді қабылдап алған ақ халаттылар толғағы тоқтағанына қарамастан Жазира Төлежанованы босану бөлмесінде жалғыз қалдырыпты. Кесарь тілігін жасауын жалынып сұрағанымда көңіл аудармай, ақыры іштегі бала жатырды жарып жан тапсырды дейді.

Арыс қаласының тұрғыны Жазира Төлежанова қараша айын қорқынышпен еске алады. Бар сұмдық толғағы келіп, алтыншы перзентін облыстық №2 перзентханаға босануға барғанда басталды дейді. Бұған дейінгі балаларын өз күшімен босанған әйел бұл жолы шақалақтың өздігінен шықпайтынын сезген.

“Кесарь тілігін жасаңдаршы деп айтқанымда дәрігер маған “толғағың тоқтаса қайтадан күтеміз” деді. Сөйтіп тұрған кезде бала қабырға тұсымнан екі рет қатты тепсініп, қимылдады. Сол кезде бала тұншығып іште ең соңғы рет қимылдаған екен. Ішім тырысып қалды. Асқазаным түйіліп, оң жақ қолым істемей қалды. “Толғағың келеді қазір. Толғағыңды күтеміз қазір. Мына жерге отыр. Баланың басы төмен түссін” деді да акушер де, дәрігер де менің жалғыз өзімді тастап өздері сыртқа шығып кетті", – дейді Жазира Төлежанова.

Іште жатқан бала анасын тепсінгенде жатырды жарып жіберген екен. Сөйтіп қан кетіп, келіншектің сөзіне мән бермеген дәрігерлер ақыры кесарь тілігін жасаған. 

Алайда нәресте мойнына кіндігі байланып, өлі туылған. 5 жыл күткен сәбиден бір сәтте айрылдым деген ана дәрігерлер сол күйі жазаланбағанына ашынады.

"Осының бәрі мені босандырған дәрігер Баймаханмбетов Нұржанның салғырттығы. Білімсіздігі деп те айтамын. Дәрігер және акушер өздеріне тиесілі жазасын алса деймін. Дәрігерді жұмыстан шығарыпты. Бірақ өз еркімен. Ол ертең кез-келген жерге барып, жұмысқа орналаса алады. Менің бұлай шырылдауымның себебі менен кейінгі басқа да келіншектер қорықпай барса екен деймін. Мен сияқты үлкен үмітпен барып, баламды қазір қолыма аламын деп барып, жалғыз қу басым шықты менің”, – дейді Жазира Төлежанова.

38 жастағы Жазира Төлежанова баласынан айрылған бойда полицияға арыз жазғанын айтады. Алайда арада 5 ай өтсе де өзгерген ештеңе жоқ дейді. Тек 2 ай бұрын сот медициналық сараптамасы тағайындалған. Оның өзі әлі күнге дейін қорытынды шығармаған.

"Балпақтай баланы жоғалту ол қиын нәрсе. Жазира қазір жала жауып, Жазира жаман әрекетке барып жатыр деп ойламаймын. Өзіміздің басымызға түскенде қалай әрекет жасайтынымызды білмейміз. Бізде клиникалық протокол бар. Ол Баймахамбетов деген дәрігер де кеше келген дәрігер болса тәжірибесі жоқ", – дейді 2 облыстық перенеталды орталықтың бас дәрігері Эльмира Қожахметова.

Арыс қаласының тұрғыны бұған дейін 5 баланы өмірге әкелген. Араға 5 жыл салып, дәрігерлер кеңесімен алтыншысына аяғы ауыр болған екен. Жеңіл өткен жүктілігімнің соңғы боларын білмедім дейді келіншек. Босану кезінде жатыры жыртылған әйелдің енді бала көтеруі де екіталай.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында тағы бір әйел перзентханада көз жұмғаны туралы жазған едік. Марқұмның туыстарының айтуынша, дәрігерлер әйелді "40 мың төлемегенсің" деп қайтарып жіберген көрінеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 22:56