Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан спортшылары қатысып жатқан әлем чемпионаты кезінде Бразилиядағы стадион өртенді

Фото: Желі кадрларынан скрин

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы Олимпиадалық стадионның шатырында өрт шықты. Мұнда қазір жастар арасындағы семсерлесу сайысынан әлем чемпионаты өтіп жатқан. Оған Қазақстан спортшылары да қатысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Стадионда 2016 жылы Олимпиада өткен. Ал желіде жарияланған видеолардан стадион шатыр бөлігінің түгелдей өртенгенін көруге болады.

"Таңғы 4:17-де Олимпиялық паркке шұғыл қызметкерлер келіп, шатырдың жартысының зақымданғанын анықтады. 20 өрт сөндіру техникасы мен 80 өрт сөндіруші өртке қарсы күресті. Қала үстінде қара түтін көтерілді", – делінген БАҚ беттерінде.

Билік өрт негізінен шатырда болғанын және велодромның ішкі бөліктеріне зақым келмегенін айтты. Өрттің нақты себебі сот-медициналық сараптама арқылы анықталмақ. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты қатысушылары зардап шекпеген.

Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) да арнайы мәлімдеме жасады.

"FIE және Бразилия семсерлесу конфедерациясы (CBE) бүгін таңертең Рио-де-Жанейродағы Олимпиадалық велотректің шатырында өрт шыққанын растайды. 1 сәуірден бастап стадионда кадеттер мен жастар арасындағы әлем чемпионатының іріктеу матчтары өтіп жатты. Өрт кезінде алаң бос болды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Қатысушылардың қауіпсіздігі – біздің басты мақсатымыз", – делінген мәлімдемеде.

Қалған жарыстар "Кариока-1" аренасында өтетін болады. Ол әлем чемпионатының негізгі алаңы болып саналады.

Айта кетейік, Риода Қазақстанның ерлер кадеттер және жастар құрамасы қатысып жатыр. Қазақстан семсерлесу федерациясының баспасөз қызметі спортшылар арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 09 Сәуір, 2026 10:40