Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Ақордаға кірмек болған Қаңтар құрбандарының жақындарына айыппұл салды

Сот шешімімен акцияға қатысушы 10 адамның  әрқайсысына 77 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Азаттық радиосының трансляциясынан

"Астана қаласының соты қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандардың туыстары Ақордаға келіп, наразылық ұйымдастырғаны үшін айыппұл салды", – деп хабарлайды акцияға қатысушылардың бірі Бақытжан Шыңғысбеков.

Олардың арасында Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған Думан Қанатбектің әкесі Әкімбек Қалыбеков, Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков, Тұрар Арыстанқұловтың жұбайы Әлия Сәкенқызы, Қайрат Ниязбаевтың жұбайы Әйгерім Ниязбаева, марқұм Бақыткелді Байқадамовтың анасы Гүлнұр Қарақасова, марқұм Жеңісбек Әлжанбаевтың анасы Қалимаш Тұрсынова бар.

Бір топ азаматтарды арнайы жасақ әуелі қоршап алып, кейін жарты сағат өткен соң автобусқа күштеп отырғызып, белгісіз бөлімшеге алып кетті.

Бақытжан Шыңғысбеков және тағы 9 наразылық білдіруші бейбіт жиналыстарды ұйымдастырды және өткізу тәртібін бұзды деп айыппұл арқалап отыр.

Ол өзінің және басқалардың сот шешімімен келіспейді, оны заңсыз деп санайды. Бұған қоса, олар қайтадан наразылыққа шығуды жоспарлап отырғанын жасырмады.



2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың туыстары аптаның басында тағы да Ақордаға келіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен. Дегенмен, олар екі жылдан бері мемлекет басшысымен кездесе алмай жүргенін айтты. Тәртіп сақшылары қабылдауға жұмыс тәртібімен алдын ала жазылу керек екенін айтқан.

Бұл қаза тапқандардың туыстары ұйымдастырып отырған алғашқы акция емес. Бұған дейін олар Астанада жиналып, президентпен кездесуді, жақындарының өлімін әділ тергеуді және қайтыс болғаннан кейін сотталғандарды ақтауды талап еткен.

Талқылау