Үндістанда су перісі синдромына шалдыққан сәби дүниеге келді (фото)
Уттар-Прадеш штатының Сахаранпур қаласындағы перзентханада болған оқиғадан жұрт жағасын ұстады. Мұнда айы-күні жеткен 22 жастағы келіншек денесінің төменгі бөлігі тұтасып қалған сәбиді дүниеге әкелді.
Бұл туралы 24.kz хабарлайды.
Тіпті осыған байланысты баланың жынысын анықтау мүмкін болмаған. Медицина тілінде сиреномелия («сирена» – лат. су перісі) синдромы аталатын дертке шалдыққан шақалақ небәрі 10 минут ғана өмір сүріп шетінеген, деп хабарлайды Daily Mail. Жалпы сиреномелия – дененің төменгі бөлігінің біртұтас болуы дерті.
Келіншекті босандырған гинеколог Вандана Ария былай дейді: «Дене кемістігі бар талай сәбидің дүниеге келгенін көрдім. Бірақ, бұл жолы туылған шақалақтың жөні бөлек болды. Оның дене пішіні балыққа өте ұқсас болып, қолдарын балық қанатын қалай сермесе, ол да солай қозғалтты. Денесінің үстіңгі бөлігі сап-сау болып туылып, төменгі жағы дамусыз қалған болып шықты».
Сәбидің анасы жүктіліктің 30 аптасына дейін ешнәрсеге шағымданбаған. Ал одан соң ультрадыбыспен зерттеу кезінде баланың бүйректері дамымай қалғаны белгілі болыпты. Дәрігерлердің айтуынша, су перісі синдромына келесі жәйттер себеп болуы мүмкін: дәрі-дәрмекті жүктілік кезінде шектен тыс көп ішу, дәрумен жетіспеушілігі, тұқым қуалау, диабет.