Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте кәсіпкер зираттағы қабірлерді сүріп, үстіне тойхана салған

Шымкенттегі Сайрам  елді мекенінің наразы жұрты мазар үстіне тойхана салған жергілікті қалталы азаматпен күресіп әлек. Бес жыл бұрын өңірдегі ең көне зираттың орналасқан жеріне көзі түскен кәсіпкер,онда ауыл деңгейіндегі үлкен тойхана тұрғызған.

21

Тойхананың асханасы сүрілген қабірлердің үстіне орналасқан.

Туысының қабірін жоқтаған халықпен STAN.KZ тілшісі кездесіп қайтқан еді.

Жақындарының жерленген жерін іздеп наразылық білдірген сайрамдықтар қор болған қорымда бас қосты. Айтуларынша, жергілікті кәсіпкер орталықта орналасқан көне зираттың 700 шаршы метрге жуық жерін заңсыз иеленген. Мұнымен тоқтамаған қалталы азамат, ондағы 22 қабірді  жермен жексен етіп, үстіне тойхананың асханасын салған.

22

Қабір басына қойылған тастың артындағы тойхана.

«Бұл ақылға қонбайтын жайт. Әруақты қорлау. Бұл жер жын-ойнақтардың мекеніне айналды. Елге бейіт үстінде арақ ішіп, би билеткізді. Жер қатынастар бөлімі мен сәулетшілер қалайша бұл бассыздыққа жол берген? Біз талай шағым жаздық. Нәтиже жоқ. Марқұм болған жақынымызға дұға етуге келіп, моласын таппай қалдық. Сөйтсек, мына дөкейлер таптап тастапты. Барып тұрған жемқорлық. Адамгершіліктен жұрдайлардың тірлігі», – дейді  Жаппаркүл Юлдашева.

мешіт

Көктастарды қиратты деп кінә тағылған кәсіпкердің жерге қатысты құжаттарында кінәрат жоқ. Өзін мекеме заңгерімін деп таныстырған азаматтың айтуына сенсек, арыз-шағымдардан кейінгі тексеру кезінде азын-аулақ қателіктер анықталған. Қазір олар реттелген. Кәсіпкердің ресми өкілінің сөзінше, бұл өздеріне  қарсы жасалған арандатушылық.

8

Халықтың наразылығын тудырған тойхана.

«Бұл жалған. Жұрттың сөзінде дәлел жоқ. Қызғаныштан туған тартыс. Мынау көктастар ескірген, қираған.  Жақындары жаңалап жатқан. 50 сантиметр шамалас жерді рұқсатсыз алғанымыз рас. Бірақ оны ретке келтіреміз»,- дейді Надир Вахабов.

 

9

Бұл дау қазіргі билік басшыларының да жағасын ұстатты. Олар қаланың қарамағына өткеніне аз ғана уақыт болған аумақтағы дауға қатысты арнайы комиссия құрылады деп сендірді. Тексеру қорытындысы сол кезде белгілі болмақ. Тойхананың мазар жеріне жайғасуын қателік деп тапқан Қаратау аудандық әкімдігінің шенеуніктері жер жеке қолға өткенде Сайрам ауданына қарасты болғанын айтып деп ақталды.

17

Тұрғындар жерленген туысы тойхана асханасының астында қалғанын көрсетуде.

ХХ ғасырда өмір сүрген Мірәлі баба мазараты орналасқан көне зираттың маңайындағы дау әзірге шешілген жоқ. Бүгінде мұнда жерлеуге бос жер қалмаған. Сайрамдықтар қасиетті топырақты талан-таражға салғандарға тоқтам қоюды талап етеміз деп отыр.

16

Жерленгендердің басына қойылған тастар құлатылған.

15

5

 

 

Талқылау