Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

MSCI халықаралық агенттігі Halyk Bank рейтингін тұрақты дамуда "BBB" деңгейіне көтерді

MSCI ESG Research халықаралық агенттігі (MSCI) Halyk Bank-тің тұрақты даму рейтингін (ESG-рейтингі) "BB" - ден "BBB" деңгейіне дейін көтерді. Бұл көрсеткіш инвестициялық шешімдер қабылдауда компанияның қызметін бағалаудың маңызды факторларының бірі.

Агенттіктің айтуынша, банк рейтингінің жоғарылауына корпоративтік басқару тәжірибесінің жақсаруы, деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігі саласындағы тәжірибелердің тұрақты дамуы тікелей әсер еткен. Сондай-ақ банк тұтынушылардың құқығын қорғау саласында көшбасшы болып тұр. 

"Рейтингтің "BBB" деңгейіне дейін көтерілуі банктегі орнықты даму бағытындағы жүргізілетін іс-шаралардың айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді. Halyk Bank жауапты қаржы институты ретінде түрлі әлеуметтік бастамаларды қаржыландыруға қатысады. Атап айтқанда еліміздегі мәдениет, білім және спорт салаларын қолдайды. Қазақстанның барлық аумағы бойынша қаржылық қызметтердің инклюзивтілігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Еске салсақ, 2020 жылы қазақстандық қаржы институттары арасында бірінші болып Halyk жыл сайын gri (Global Reporting Initiative-есептілік жөніндегі жаһандық бастама) халықаралық стандарттарына сәйкес ESG – есебін шығара бастады. Ал 2023 жылдан бастап - Task Force on Climate-Related Financial Disclosures (TCFD) ұсынымдарына сәйкес болды", - деп атап өтті Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова.

(TCFD) – бұл компанияларға климатқа байланысты тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалауға және ашуға көмектесетін жүйе ұсынатын халықаралық бастама. Осы тұста TCFD-ның нақты есебі болуы маңызды. Өйткені ол инвесторларға, несие берушілерге, сақтандырушыларға және басқа да мүдделі тараптарға негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, Halyk Bank өткен жылы адам құқықтарын, жауапты еңбек қатынастарын, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы бастамаларын қолдап, жаһандық шартына қосылған алғашқы қазақстандық банк. ESG рейтингі қабылданатын негізгі бизнес шешімдердің экологиялық, әлеуметтік және экономикалық салаларда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге қаншалықты қауқарлы екенін көрсетеді. Рейтинг сонымен қатар компанияның бәсекелестермен салыстырғанда осы тәуекелдерді басқару мүмкіндігін, оның экологиялық, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуын, корпоративтік басқарудың даму деңгейін арттыру қабілетін бағалайды.

Талқылау