Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кентаулық оқушы жинаған ақшасын Құлсары тұрғындарына табыстады

Оқушы қыздан алған сыйлықты құлсарылықтар бұзған жоқ. Ақша салынған сандықша Құлсарыдағы мұражайға қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жылыой аудандық әкімдігі

Түркістан облысы Кентау қаласында тұратын Гаухар Шаймерден есімді кішкентай қыз өзінің ақша жинап жүрген құтысын тасқын судан зардап шеккен Құлсарының тұрғындарына берді.

4-сыныптың оқушысы смартфон сатып алу үшін жыл бойы ақша жинаған екен. Алайда Атырау облысындағы су басқан қаланы көргенде жаны ашып, бар жинағын құлсарылықтарға беруді шешкен. 

Ол “Біз біргеміз!" жалпыұлттық телемарафонына қатысып, осылайша, адамдарға көмек қолын созбақ болды.

“Құлсарыны көргенде қатты алаңдадым. Сөйтіп анама “Мынаны Құлсарыға бер” деп едім, анам қуана келісті”, – дейді Гаухан Шаймерден.

Фото: Жылыой аудандық әкімдігі

“Гуманитарлық көмек тиелген КАМАЗдар басқа да заттармен бірге Гаухардың сәлемдемесін Құлсарыға жеткізді. Келген көмекті ризашылықпен қабылдаған тұрғындар, кентаулық мектеп оқушысының жіберген ақшасын жұмсамай, жергілікті мұражайда сақтап қоятын болды. Бұл кішкентай қазақстандықтардың игі істерінің символы болмақ”, – деп жазды Жылыой аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Сондай-ақ "Біз Бергеміз!" ұлттық телемарафонының трансляциясында Гаухарға су жаңа смартфон сыйға тартылды.

Талқылау