Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев Астананың жаңа вокзалынан шыққан пойызға отырып, жолдың сапасын тексерді

Сынаққа бір топ шенеунікпен аттанған президент, «бұндай вокзалды Еуропада көргем жоқ» деп таңданды. Нысанның құны да таңдануға тұрарлық. Алты қабатты кешеннің ішінде жолаушыға керектің бәрі бар. Олар енді тіпті пойызға отыру үшін далаға шығып әуре болмайды. Пойыздар алты шойын жолды көпірмен вокзал ғимаратының үшінші қабатына өзі келеді, деп хабарлайды КТК арансы.

елбасы 310517 пойыз

«Нұрлы жол». Бұл мемлекеттік бағдарламаның ғана емес, Астанадағы вокзалдың жаңа атауы. Бұнда құрылысшылар күні-түні жұмыс істеп,  нысанды әйтеуір мерзімінде бітірді. 6 қабат ғимараттың аумағы 126 мың шаршы метр. Бұл 16 футбол алаңымен тең. ТМД-да теңдесі жоқ вокзалды келер қонаққа ұялмай көрсетуге болатындай.

Енді 137 миллиард теңгеге не салынғанын санап шықсақ. Ғимараттың ішінде сауда бутиктері, мейрамханалар, ана мен бала бөлмесі, тіпті сыртқа шықпай қонақ үйге бір-ақ баруға мүмкіндік бар. Билеттер үйреншікті кассалармен қатар терминалдардан сатылады. Ал пойыздарды вокзалдың ішіне алып кіретін 2 жарым шақырымдық темір жол көпірі қаланың тоғыз көшесінің үстімен өтеді. Сондықтан вокзал маңында кептеліс болмауы тиіс. Айналасында 1400 көлік емін-еркін тұрақ табады.

«Бұл вокзал посткеңестік аймақтағы бірегей вокзал. Мұндай вокзалды Еуропадан да көрмедім. Ол болашаққа жұмыс істейтін болады. Қазақстанның барлық аймақтарының арасында «Тальго» жүйткіл пойызы қатынай бастағанын білесіздер. Олар сағатына 150-200 километр жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алматыдан келу үшін 24 сағат уақытты алса, енді 11 сағатта келуге болады», – деп атап өтті Елбасы.

Есілдің оң жағалауындағы жаңа вокзалдан шығатын 54 пойыз Астана мен өңірлер арасын жалғайды. Ал жақын арада Самарқан-Ташкен-Астана, Душанбе-Астана халықаралық бағыттары іске қосылмақ. Кешен тәулігіне 35 мың жолаушы қабылдауға қауқарлы. Мәселен ескі вокзалдың мүмкіндігі нәбары 12 мың адам. Қалың жолаушының қауіпсіздігі үшін де қам жемесек болады. Интеллектуалды вокзалдың ішін 510 бейнекамера кірпік қақпай бақылап тұр. Жаңа нысанға жаңбыр да бейберекет жаумайды.

«Жаңбырдың суы бұрынғыдай жерге сіңіп кетпейді, осы жерде жиналатын болады. Сол сумен вокзалдың ғимаратын жуатын болады. Сол сумен көгал суарылатын болады. Және грунт арқылы вокзалдың ішінде қыста жылу келіп тұрады, жазда суық келіп тұрады», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Нұрдәулет Қилыбай.

Яғни жер асты суларының арқасында вокзал іші жылып-суиды деген сөз. ЭКСПО көрмесіне келген меймандар баламалы қуат көзімен қала табалдырығынан-ақ танысады. Жүйрік көлікке қонақ мінгізбес бұрын, шойын жолдың жұмсақтығын Елбасы өзі тексеріп қайтты.

Жаңа вокзал жұмысын ертең бастайды. Су жаңа нысанның барлық мүмкіндіктерін бірінші болып «Нұрлы жолға» кеп тоқтайтын алғашқы жиырма пойыздың жолаушылары істе сынап көрмек. Олар негізінен сын бұзбас Тальго Тұлпар пойыздары. Ескі пойыздар мен транзиттік бағыттардың негізгі ағыны ескі вокзалда қалды. Осылайша жаңа вокзал соңғы аялдамасы Астанаға келіп тірелетін жолаушыларды күтіп алу міндетін өзіне алып отыр.

Жіберіп алмаңыз:

Самұрық-Қазына топ-менеджерлері бір жылда қанша ақша тапты

Елбасы Мырзатай Жолдасбековке: Тәуелсіздіктің алғашқы таңынан менің жанымда болдыңыз

Тасмағамбетов Ресейдегі қазақтандық студенттермен тапжылмастан 3 сағат бойы әңгімелесті

Мұxамедиұлы жастарды букмекерлік кеңселерден шығарудың жолын тапты

Талқылау