Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Берік Айтжанов: Ди Каприоға он жыл бұрын 4-5 “Оскардан” берсе де кем болмас еді

Отандық БАҚ өкілдеріне өте сирек сұхбат беретін, үнемі тілшілерден тасада жүруді жөн көретін белгілі театр және кино актері Берік Айтжанов телевидение саласына және “Оскар” сыйлығына қатысты өз ойымен бөлісті.

13

Сурет brod.kz

“Қазақстан” ұлттық телеарнасының “Бүгін жексенбі” бағдарламасына қонаққа келген театр және кино актері Берік Айтжанов, телеарнаға неліктен қызықпайтынының себебін түсіндірді.

“2004 жылы академияны бітіргеннен кейін театрға келдік. Сосын тағы бір мамандық, жұмыс іздедік. Қосымша табыс көзі керек болғандықтан телеарнаға жүгірдік бірден. Содан “Қазақстан” телеарнасының дыбыстау бөлімінде төрт жылдай істедім. Сол телеарнада жүргенде осындай бағдарламаларға шақыратын, түрлі кастингтер болатын. Тіпті бағдарлама жүргізсең деген ұсыныстар да болды. Бірақ, ұяң мінезімнің әсері ме, өзім де көп ашыла бермеймін, әйтеуір, телевидение маған қатты қызығатын дүние емес сияқты”, – дейді Берік Айтжанов.

Сондай-ақ, актер шығармашылық адамы болғандықтан, бос уақыттың мүлде болмайтынын айтады. Сол себепті де отбасымен де өте сирек жүздеседі екен.

“Біз театрда істегендіктен, демалыс күніміз – дүйсенбі. Көбінесе түсірілім алаңында, іссапарда, түрлі шақыртулар болады. Жұмысымыз осындай болғандықтан өте сирек кездесеміз, сирек үйде боламыз. Дегенмен қолымыз қалт етсе отбасымның қасында болуға тырысамын”, – дейді актер.

Актер “Оскар” сыйлығына, оның ішінде әйгілі Леонардо Ди Каприоға қатысты да өз ойын жеткізді.

“Леонардо Ди Каприоға он жыл бұрын 4-5 “Оскардан” берсе де кем болмас еді. Кәсіби деңгейі өте жоғары. Әр актер содан үлгі алса жаман болмайды”, – деп санайды екен Берік Айтжанов. Еске сала кетсек, Леонардо Ди Каприо “үздік ер адам рөлі” бойынша бүгінгі “Оскар” сыйлығына номинанттар қатарында бар.

Ал Берік Айтжанов ойнаған Қанағат Мұстафин режиссерлік жасаған жаңа отандық “16 қыз” туындысы жуық арада еліміздің кинотеатрларынан көрсетіледі. Фильмнің режиссері – Қанағат Мұстафин.

Берік Айтжанов осыған дейін “Час волка”, “Махамбет”, “Мұстафа Шоқай”, “Армандар қаласы”, “Ликвидатор”, “Жаужүрек мың бала” және “Тракторшының махаббаты” киноларында басты рөлдерді сомдаған.

Талқылау