Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артынан жүрген едім": Келіншегі Досхан Жолжақсыновқа бала күнінен қатта ғашық болғанын айтты

Қаракөз Сүлейменова Досхан Жолжақсыновқа бала күнінде ғашық болып, сол кезде көрген плащын үйленгеннен кейін іздегенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Қарагөз

Бұл жайлы айтқан видеосын Қаракөз Сүлейменова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Екеуі отбасын құрмақшы болып, Досхан Жолжақсынов ұсыныс жасап жүрген кезде журналистің есіне бала күнгі бір оқиға түсіп, актерден ескі плащын сұрап таңқалдырған. Бандыны қуған Хамитті көрген Қаракөз сол кездің өзінде бала сезімнің жүрегін қарып өткенін жасырмады. Бұл қылығын бірнеше уақыттан кейін тағдырдың тоғыстыратынын сезген шығармын деп болжады жүргізуші.

«Досхан, сенің қою қоңыр былғарыдан жасалған, жағасы, белдігі бар плащың болған еді. Ол қайда? Неге кимейсің?» дедім. «Қайдан білесің ол плащты?» деп таңданды Досекең. Мен баяғыда 6-сынып оқып жүргенде, 12 жасымда Абай мен Абылайхан даңғылының қиылысында 5-троллейбуспен Ахмет Жұбанов атындағы мектептен қайтып келе жатқанмын. Лермонтов театрының маңайынан ол кісі троллейбусқа отырды. Менің қолымда әке-шешемнің 34 рубльге әперген қолтырауынның терісінен жасалған портфелім бар. Ол кісі кіргенде қарадым да, бірден таныдым. Ішімнен бандыны қуған Хамит қой деп таңдандым. Неге екенін білмеймін «Әрине үйленген ғой енді» деген ой келді. Сол кезде саусағына қарап едім, жалпақ бір сақинасын көрдім», - дейді Қаракөз Сүлейменова.

Бір аялдамадан түсіп, үйіне төте жолдың бар екенін біле тұра, Досхан Жолжақсыновтың артынан жүріп театрдың актерлер кіретін жеріне дейін ұзатып салған Қаракөз ханым, сол кездің өзінде әлдеқандай қимастық сезімнің болғанын айтты. Отыз жылдан артық өмірдің ыстық-суығына төзіп, қиындығына көніп, бастарынан қандай жағдай өтсе де, жұптары жазылмай келе жатқандығын ерекше айтып өткен жүргізуші тағдырдың жазғаны не екенін түсінгенін жеткізді. Бала Қаракөз бен бандыны қуған Хамиттің дәл сол уақытта кездескені бекер емес деп ағынан жарылды ол. 

«Бір аялдамадан түсіп, Досекеңнің ізін басып артынан жүрген едім. Жылдар өте өмір қайта кездестірді. Маңдайыма, тағдырыма жазылған ер азаматым екен. Аллаға мың да бір раxмет. Бала көңіліме, ойыма Алла сол кезде салса керек. Отыз жылдан артық өмірдің ыстық-суығын бірге көріп келеміз. Талай қызық та қиын сәттерді өткердік. Шыдам, түсінік, сезімнің арқасында бағамызды білеміз. Алла барлықтарыңызға бақыт, ең ұлы сезім - маxаббатты нәсіп етсін. Жұмадағы тілектеріңіз қабыл болсын!» - деп жазды Қаракөз Сүлейменова.

Талқылау