Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда туристерді алдаған келіншек емізулі баласымен түрмеге қамалды

Жалған жолдама үшін жауапқа тартылды. Бүгін Алматыда туристерді шетелдегі демалыссыз қалдырған келіншек 3 жылға сотталды. Сан соғып қалған азаматтардың ішінде Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтау қаласының тұрғындары және турагенттер де бар. Өзін турфирма басшысымен деп таныстырған Ғалия Шарапова жұрттан шамамен 60 млн теңге жинап, ізін суытқан. Бүгін судья сотталушының емшектегі баласы барына қарамастан, осы іске нүкте қойды,-деп жазды КТК арнасы.

алаяқққ
Түркиядағы ең қымбат қонақүйлерге жайғастырып, ұмытылмас демалыс ұйымдастырып беремін деп, жұртты сан соқтырған Ғалия Шарапова бүгін сот залында өзін байсалды ұстады. Ол екі жыл бойы уақыты көрсетіліп, туристтің атына тіркелген бөлме мен ұшақ билеттерін сатқан. Бірақ барлығы жалған болып шықты.

Алданған туристер полицияға шағымданған соң тергеу басталып, пысықай келіншек қамауға алынған. Бірақ аяғы ауыр болған соң, бостандыққа жіберіліпті. Ал бүгін сот оның сол емшектегі баласы болғанына қарамастан жеңілдік жасаған жоқ.

«3 жылға бас бостандығынан айырылып, барлық мүлкі тәркіленсін. Жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Және 6 жыл туризм саласында жұмыс істемейтін болсын» деген үкім оқылды.

Жалпы бұл келіншектің жылмысқы әрекетінен 80 адам сан соғып қалған. Бірақ полицияға арызды соның тек 11-і жазыпты. Демалысы дауға ұласып, сотпен аяқталған сол туристер бүгінгі үкімімен келіспей отыр.

«Бізге үлкен материалдық және моральдық шығын көрдік. Жәбірленушілердің барлығы сот үкімімен келіспейді. Себебі, біздің шығындарымыз өтелген жоқ. Осындай қылмыс жасағаны үшін кемінде 5 жыл түрмеде отыруы керек еді»,-дейді жәбірленуші СветланаАйтмұратова.

Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 60 миллион теңгеге. Қыруар қаржыны үптеп кеткен Ғалия Шарапова турагенттіктердің бірінен мәліметтер ұрласа, келесісінде жолдама жасаған. Қылмысы әшкере болған ол сот үкімін естіген соң кішкентай баласын сылтауратып, жауап бергісі келмеді.
-Баламның памперсін ауыстыруға бола ма?
-Әрине.
-Мені түсіруді доғарыңдаршы.

Емізулі баласын өзімен бірге темір торға ала кеткен Ғалия Шарапованың мүлкі тәркіленіп, келтірілген материалдық шығын өтелмек. 8 айлық баласын өз еркімен туыстарының қарауына бермеген жағдайда ол балалар үйіне өткізілетін болады.

Талқылау