Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жұрт саяжайға ауыл мәртебесін беруді талап етті

Алматы облысында  бір жерде орын тепкен 19 саяжайдың тұрғындары жергілікті билікке осындай талап қойды, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Олардың айтуынша, тасада қалған саяжайдың тұрғындары өлместің күнін кешіп отыр. Шұрық тесік жол азабын қоспағанның өзінде емдеу мекемесі, полиция пункті жоқ мекенде балаларды мектепке алып бару басты мәселеге айналған. «Егер ауыл мәртебесін алсақ, ел қатарлы өмір сүретін едік» дейді шарасы таусылған халық.

Ауыл мәртебесін сұрап айқайға басқан саяжай тұрғындары екі жыл бойы жергілікті билікпен алысып келеді. Олардың айтуынша, Жетіген ауылдық округінің аймағына кіретін 19 саяжайдағы халық  саны 10 мыңнан асып кеткен. Бірақ, көрген күнімізді жауымызға да тілемейміз дейді ашынған тұрғындар.

“Өңшең кәрі-құртаң, зейнеткерміз. Жағдайымыз жоқ адамдармыз. Полиция пункті керек, аурухана керек. Жедел жәрдем керек. Биыл оқушымыздың саны 340-қа жетті, былтыр 317 болған”, – дейді саяжай тұрғыны Еркін Қаржаубайұлы.

Әкімдік тарапынан балаларды мектепке тасуға бөлінген автобус бір күн жүрсе, екі күн тоқтап тұратын көрінеді. Бес шақырым жердегі мектепке балаларымызды жаяу жіберіп, бастарын өлімге тіге алмаймыз дейді тұрғындар. Себебі, картаға түспеген саяжай көзден таса қалып, Алматы-Қапшағай трассасы салынғанда бірде-бір өткел жасалмаған. Соның кесірінен жолды кесіп өтемін деп, опат болғандардың қатары көбейген.

“Артында шырылдаған төрт баласы қалды. Мына Қапшағай-Алматы трассасында не өтетін жер жоқ. Сол ауыл статусын беріп, балалар осында оқыса дейміз”, – дейді саяжай тұрғыны Жанар Байылова.

Күре жолдан өткел таппай қиналған оққушылар сабаққа асыққан кезде мына жер астындағы суағардан өтуге мәжбүр. Жаңбыр жауса суға толып, бұған да зар боламыз дейді тұрғындар. Ал, осыдан бір шақырым жерде мал айдап өтуге арналған жер асты өткелі бар. Алайда, жол сақшылары көлікпен өткен тұрғындарды көрсе ұстап алып, шетінен айыппұл салады екен. Амалы таусылған тұрғындар облыс әкімі Амандық Батталовпен де жолығуға талпынған. Бірақ, талай мәрте тауы шағылып, кері қайтыпты.

“Ол кісінің уақыты жоқ дейді бізге. Асхат деген кісі айтты”, – дейді саяжай тұрғыны Зарина Құмышбекова.

Ал, ауыл әкімінің айтуынша, заң тұрғысында жергілікті билік саяжай қауымдастығының мәселесіне араласа алмайды. «Саяжайлар ауылдың талабына сай келмегендіктен тек өзіміздің құзіретіміздегі істі атқарып жатырмыз» дейді ол.

“Әрине, бұл саяжайларға ауыл статусын берген өте қиын мәселе. Екіншіден, аурухана және полиция пунктерін ашуға тырысып жатырмыз. Келісімдеріміз бар. Біраз участіктерді белгілеп қойдық”, – дейді Жетіген ауылдық округінің әкімі Нұрлан Әбілов.

Әкімнің жауабына қанағаттанбаған тұрғындар бастаған ісімізді аяқсыз қалдырмаймыз дейді. Бірақ, олардың саяжайға ауыл мәртебесін алу талабы қашан орындалатынына ешкім нақты жауап бере алмады.


Жіберіп алмаңыз:

Парамен ұсталған Атбасар әкімінің ісіне лауазымды полицейдің қатысы бар болып шықты

Мұратхан Тоқмәди келісімге келіп, жазасын жеңілдетіп алды

Қазақстанда ипотекаға үй алу үшін қандай тиімді бағдарламалар бар?

Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы жағдай бір қалыпқа түсті

Талқылау